Шүлбі және Өскемен су электр станцияларына шетелдіктер иелік етпек
СЭС акциясының 75 пайызын инвесторлар сатып алуы мүмкін
Шүлбі және Өскемен су электр станцияларына шетелдіктер иелік етпек. Энергетика министрлігі араб инвесторларына тиісті акцияның 75 пайызын сатуды көздеп отыр, деп хабарлайды КТК арнасы.
Шүлбі және Өскемен СЭС-тері Шығыс Қазақстан облысының аумағында орналасқан. Екеуінің қуаты әртүрлі. Екеуіне де жөндеу жұмысы қажет. Инвестор таппай, шаруа реттелмейтін секілді. Еліміздің бас энергетигі жөндеу жасалса, станциялардың қуатын қосымша 500 мегаватқа дейін арттыру мүмкіндігі бар дейді.
Қыруар ақшасын құюға арабтың бизнесмендері қызығып отыр екен. Бірақ екі станция толығымен шетелдіктерге берілмейді. Меншік құқығының 75 пайызы инвесторға, қалғаны мемлекетке тиесілі болмақ. Қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Арабтардың айы оңынан туса, елімізде жалпы энергетика саласы дамып қана қоймай, Қазақстан экономикасына алты миллиард АҚШ доллары көлемінде пайда түседі дейді энергетика министрі.
«Бұл жоба өте ұзақ талқыланды. Шүлбі станциясына жаңа тізбе қосу арқылы оның қуатын 500 мегаватқа тағы арттыра аламыз. Араб серіктестермен инвестиция тартуда қазір құны 6 миллиард АҚШ доллары болатын келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бұл қаржы тек су электр станцияларына жұмсалмайды – жаңартылған энергия көздерін табуға, оңтүстікте газ генерациясына бағытталады», – деді ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев.