Петропавлда қоқыс тасымалдаушы компаниялар қызмет ақысын екі есе көтеруді талап етті

Мердігер компаниялар тарифті екі есе көтеруді талап етті

Петропавлда қоқыс тасымалдаушы компаниялар қызмет ақысын екі есе көтеруді талап етті

Петропавлда қоқыс шығарумен айналысатын компаниялар өз міндетін тиісті деңгейде орындамай отыр. Кәсіпкерлердің айтуынша оған техника тапшылығы себеп. Коммуналдық қызмет тарифі соңғы 3 жылда өзгермеген. Ал жанар-жағармай бағасы бірнеше рет өсті. Салдарынан мердігерлер банкротқа ұшыраудың алдында тұрғанын айтып шағымданды. Олар әкімдіктен қызмет ақысын көтеруді талап етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

ҚАЛАДАН КҮНІНЕ 120 ТОННА ҚОҚЫС ШЫҒАРЫЛАДЫ

Петропавлда қоқыс шығарумен 4 компания айналысады. Қаладан күніне орта есеппен 120 тонна тұрмыстық қалдық шығарылады. Мердігер компания өкілдерінің айтуынша мұндай көлем аз емес. Ал алатын ақы шығынды толық жауып, пайда табуға мүмкіндік бермей отыр. Жаңа техника сатып алмақ түгіл, ескілерді жөндеуге қауқар жоқ. Коммуналдық компаниялар соның салдарынан өз міндеттерін тиісті деңгейде атқара алмай отырғанын жеткізді. Кейбір көпқабатты үйлердің  аулаларындағы тұрмыстық қалдықтар бірнеше күннен бері шығарылмай, жиналмай жатыр.  Егемен Қазақстан көшесінің тұрғындары соңғы кезде қоқыстан көз ашпай калғандарын айтады.  Көпшілік жауапты кәсіпорындардың техникасы бұл аумаққа мүлде жоламай кеткеніне наразы. 

«Бұл қоқыс жәшіктері мектептің дәл қасында тұр. Балалар тұрмыстық қалдықтың арасымен өтуге мәжбүр. Біз қаражатты не үшін төлеп отырмыз? Қызмет ақысын уақытылы өтейміз. Біреудің отбасында кішкентай сәби дүниеге келсе, оны бірден санатқа қосып, қызмет ақысын талап етеді. Ал өздері міндетін орындауға асықпайды. Не жәшіктердің санын көбейтсін, не қоқысты уақытында шығарсын. Маңайға иттер келе бастады. Қоқысты ерсілі-қарсылы тасып жүр. Оған ешкім назар аударып жатқан жоқ», - дейді қала тұрғыны Галина Докторенко.

ЖАЛАҚЫНЫҢ АЗДЫҒЫНАН ЖҰМЫСШЫ ТАПШЫ

Компаниялар бұл келеңсіздікті техниканың тапшылығымен байланыстырады. Кәсіпорындардың тіпті қоқыс шығаратын көлікті жөндеуге де қаражаты жоқ көрінеді.

«Біз 60 мың тұрғынның қоқысын жинаймыз. Бас-аяғы 7 техникамыз бар. Оның екеуі сынып қалды. Қазір жөндеуге қаражат тапшы. Осының кесірінен Береке шағын ауданы мен Вокзал маңайындағы қоқысты шығара алмадық. Қазіргі тариф табысты айтпағанда, шығынның өзін толық өтей алмай отыр. Көліктерге көрсетілетін техникалық қызмет, жанар-жағармай, полигонға төленетін ақы, жұмысшылардың жалақысы, салық сынды тағы басқа шығындарымыз бар», - дейді «Коммун-Север» серіктестігінің директоры Мұрат Есмұханов.

МЕРДІГЕРЛЕР ТАРИФТІ ЕКІ ЕСЕ КӨТЕРУДІ ТАЛАП ЕТТІ

Коммуналдық қызмет көрсетушілер жаңа жылдан тарифті көтеруді талап етіп отыр. Мердігерлер бұл талаптарын тиісті органдарға жеткізген.

«3 жыл бұрын тариф көтерілген кезде дизельдік отын бағасы литріне 120 теңгеден сатылды. Қазір оның құны екі жарым есе өсті. Техниканың қосалқы бөлшектері де қымбаттады. Ұлттық валюта құнсызданып жатыр.  Бізде қоқыс шығаратын 6 жүргізуші болды. Оның үшеуі жалақының аздығынан жұмыстан шығып кетті. Қазір жұрт 130 мың теңгенің өзіне жұмыс істегісі келмейді. Ал одан әрі көтеруге біздің мүмкіндігіміз жоқ. Осылай жалғаса берсе қалғандары да жұмыстан кетеді. Біз банкрот жариялап, қызмет көрсетуден бас тартамыз. Басқа амал жоқ», - дейді  «Мюль-сервис» серіктестігінің өндіріс басщысы Лариса Пономарева.

МЕРДІГЕРЛЕР ТАРИФТІ АДАМ БАСЫНА 440 ТЕҢГЕГЕ КӨТЕРУДІ ТАЛАП ЕТТІ

Петропавлда қоқыс тарифі 2018 жылдан бері өзгерген жоқ. Сол кезде аталған қызметтің құны 170 теңгеден 220-ға көтерілген. Енді жауапты кәсіпорындар осы көрсеткішті екі есе арттыруды сұрап отыр. Жергілікті билік өкілдері бұл мәселені жақын арада қарастыратынын мәлімдеді.

«Әкімдік тарапынан тарифті көтеру бойынша шешімді қабылдай алмаймыз. Сондықтан қазіргі таңда бұл сұрақ қоғамдық кеңес отырысында, содан кейін мәслихаттың сессиясында қаралатын болады. Сол жерде олардың берген бағалары қарастырылып, тарифті көтеру-көтермеу туралы шешім сол жерде шығарылады. Тариф жөнінде әзірге ештеңе айта алмаймыз», - дейді Петропавл қаласы ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтолла.

Қоқыс шығарумен айналысатын компаниялар келер жылдың басынан тариф көтерілмесе қызмет көрсетуден бас тартпақ. Төртеуі бірауыздан осындай келісімге келгендерін де жасырмады.

Қоқыс – Солтүстік Қазақстандағы келелі мәселелердің бірі. Экологтардың мәліметінше өңірде 600-ге жуық заңсыз қоқыс поллигоны бар. Олардың жалпы аумағы 8 гектардан асып кеткен. Айналаның ластануына құзырлы органдар тосқауыл бола алмай отыр. Заңды полигон болмағандықтан тұрғындар өздері қоқыс алаңын ашып алған. Петропавл іргесіндегі тұрмыстық қалдықтар полигоны да талапқа сай келмейді. Осыдан бірер жыл бұрын экологтар оны мүлде жаппақ болып, қоқыс шығаратын басқа жер болмағандықтан, полигон қызметін жалғастырған болатын.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.