«Нысанды жабу үшін адам өлімі тіркелуі тиіс»: Петропавлда мәдениет үйінің қызметкерлері апатты ғимаратта жұмыс істеп жүр
Петропавл қалалық мәдениет үйі 1930 жылы ашылған
Петропавл қалалық мәдениет үйінің қызметкерелері апатты деп танылған ғимаратта жұмыс істеуге мәжбүр. 3 ай бұрын нысанның концерттік залындағы төбенің бетон тіреуіші майысып бір бөлігі опырылып түскен болатын. Қауіпсіздік талаптарына сай ұжым қашықтықтан жұмыс істеуге жіберілді. Алайда араға екі ай салып, мәдениет үйінің басшысы қызметкерлерді қайтадан офлайн форматқа ауыстыратынын айтқан. Ұжым мүшелері өмірі мен денсаулығы үшін қауіптенсе де жұмысқа баруға мәжбүр. Айтуларынша жөнделмеген төбенің қалған бөлігі кез келген сәтте құлауы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Петропавл қалалық мәдениет үйі 1930 жылы ашылған. Ескі ғимараттың төбесіндегі бетон тіреуіш майысып, бір бөлігі құлап қалған. Оқыс оқиға түнде тіркелді. Жапа шеккендер жоқ. Абырой болғанда төбе құлаған сәтте ғимаратта күзетшілер ғана болған. Қалалық әкімдіктіктің мәдениет бөлімінің мәліметінше жөндеу жұмыстарын жүргізу мақсатында жобалық-сметалық құжаттар әзірленген. Құжат әзірге сараптамадан өткен жоқ.
«Қалалық мәдениет үйі 11 жыл бұрын күрделі жөнделген болатын. Бірақ ол кезде концерт залының төбесі ауыстырылған жоқ. Жобалық-сметалық құжаттар сараптамадан өтіп, сараптама дайын болған кезде жөндеу басталуы тиіс. Қазір нысанда ешкім жұмыс істеп жатқан жоқ. Апаттық жағдайда тұр. Нысанның жұмысы уақытша тоқтатылып, жабылды. Қызметкерлер басқа, жалға алған нысандарда жұмыс істеп жатыр», - дейді Петропавл қалалық әкімдігінің мәдениет бөлімінің жетекшісі Әлия Бейсенова.
Мәдениет бөлімі басшысының сөзі іс жүзінде басқа болып шықты. Қазір ұжым мүшелері желтоқсан айында өткізілетін мерекелік концерттерге дайындық үстінде екенін жеткізді. Әкімшілік ұжым мүшелері сақтану үшін ғимарат ішінде каска киіп жүретіндері белгілі болды.
«Төтенше жағдай қызметінің мамандары келді. Талап бойынша нысанды жабу үшін адам өлімі тіркелуі тиіс екенін айтты. Бізде бәрі аман. Жасыратыны жоқ, қорқамыз. Бірақ жұмыс істеу керек. Жалақы төленгеннен кейін оның сұрауы бар. Таңғы 9-дан кешкі 6-ға дейін осында болуымыз шарт. Жұмыстан қашпаймыз. 1 желтоқсан, 16 желтоқсан күндері болатын мерекелік шараларға дайындық жүріп жатыр», - дейді қалалық мәдениет үйінің көркемдік жетекшісі Мұхамедәли Испанов.
Мәдениет үйінде 2010 жылы күрделі жөндеу жасалған еді. Қыруар қаржы бөлінсе де концерт залы әрлеумен шектелген. Шығармашылық ұжымдармен қатар мектеп жасындағы балаларға арналған 25 үйірме жұмыс істеп келген болатын. Қазір 546 бала жетекшілерімен бірге қаладағы басқа орталықтарға барып жүр.