Қазақстанның 13 өңірінде дауылды ескерту жарияланды
Жабыр, қар, боран күтіледі
«Қазгидромет» РМК деректері бойынша еліміздің 13 өңірінде дауылды ескерту жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
25 қарашада Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында желдің екпіні – секундына 15-20, 23 метр.
25 қарашада Ақмола облысының оңтүстік-шығысында жаяу бұрқасын, көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстікке, солтүстік-батысқа ауысады, күндіз облыстың шығысында екпіні 15-20 м/с күтіледі.
25 қарашада Ақтөбе облысының оңтүстігінде көктайғақ болады.
«25 қарашада Шығыс Қазақстан облысының солтүстік бөлігінде күндіз қатты жауын-шашын (жаңбыр, қар) жауады. Облыстың солтүстік бөлігінде жаяу бұрқасын күтіледі. Жолдарда көктайғақ күтіледі. Жел оңтүстіктен, оңтүстік-батыстан соғады, облыстың солтүстігінде, батысында 15-20, екпіні 25 м/с.
25-26 қарашада Жамбыл облысының солтүстік-шығысында және таулы, тау бөктерлі аудандарында қатты жауын-шашын (жаңбырдың соңы қарға ұласады) күтіледі. 26-27 қарашада облыстың солтүстігінде және таулы, тау бөктерлі аудандарында тұман, көктайғақ күтіледі. Оңтүстік-батыстан соғатын жел солтүстік-шығыс желіне ауысады, облыстың оңтүстік-батысында, солтүстік-шығысында және таулы аудандарында 15-20 м/с, күндіз 25 қарашада, тәулік бойы 26-27 қарашада екпіні 23-28 м/с күтіледі.
25 қарашада Батыс Қазақстан облысының жел солтүстіктен оңтүстік-батысқа ауысып соғады, облыстың солтүстігінде, оңтүстік-шығысында екпіні – 15-20 м/с», - делінген «Қазгидромет» хабарламасында.
25 қарашада Қарағанды облысының батысында, солтүстігінде, шығысында жаяу бұрқасын, көктайғақ, облыстың оңтүстігінде тұман күтіледі. Оңтүстік-батыстан жел соғып, солтүстікке ауысады, облыстың шығысында, орталығында 15-20, екпіні 23 м/с күтіледі.
25 қарашада Қостанай облысының оңтүстігінде, шығысында тұман, көктайғақ күтіледі.
«25 қарашада Қызылорда облысының солтүстігінде көктайғақ күтіледі. Жел солтүстік-батыстан оңтүстік-батысқа ауысып соғады, күші облыстың солтүстігінде және орталығында 15-20 м/с күтіледі.
25 қарашада Маңғыстау облысының солтүстігінде, солтүстік-шығысында көктайғақ, тұман күтіледі. Солтүстік-батыстан, солтүстіктен жел соғады, облыстың батысында екпіні 15-20 м/с күтіледі.
25 қарашада Павлодар облысының солтүстігінде, шығысында көктайғақ, жаяу бұрқасын күтіледі. Оңтүстіктен соққан жел солтүстік-батысқа ауысады, облыстың оңтүстігінде, шығысында екпіні – 15-20 м/с», - деп хабарлады «Қазгидромет».
25 қарашада Түркістан облысының солтүстігінде, батысында шаңды дауыл болады. Түнде таулы аудандарда оңтүстік-батыстан соққан желдің екпіні секундына 15-20 метрге, күндіз 15-20 метрге, таулы аудандарда желдің екпіні секундына 23-28 метрге жетеді.
Ауа райына байланысты Төтенше жағдайлар министрлігі де үндеу жасады.
«Жауын-шашынның түсуіне және қатқақ болуына байланысты көктайғақ болады. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары, сондай-ақ көше жарақаттары ұлғаяды. Көктайғақ кезінде азаматтарға тайғанамайтын аяқ киім кию ұсынылады. Абай болыңыздар!
Төтенше жағдайлар министрлігі жүргізушілерге жол қозғалысы кезінде абай болып, төмен жылдамдықты сақтауды және сақ болуды ұсынады. Жаяу жүргіншілер жолдан өткен кезде өте мұқият болуы керек, асығуға немесе жүгіруге болмайды.
Азаматтарды ауа райының өзгерістерінен хабардар болып отыруға шақырамыз. Дауылды ескерту туралы хабарламаларды тыңдап, қажетті сақтық шараларын сақтаңыздар», - делінген ТЖМ хабарламасында.