$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
06.01.2020, 14:51
Жаңалықтар

086 формадағы анықтама жойылады – Денсаулық сақтау министрлігі

Қазақстанда 2020 жылдың сәуір-мамыр айларынан бастап қағаз жүзіндегі 086 формасындағы медициналық анықтама жойылады. Бұл туралы журналистер алдында Денсаулық сақтау вице-министрі Олжас Әбішев мәлім етті

086  формадағы анықтама жойылады – Денсаулық сақтау министрлігі

Оның орнына қазақстандықтар жылына бір рет тегін медициналық тексеруден өтіп тұруы керек. Тексеру қорытындысын медициналық мекеме автоматты жүйеге тіркейді де, 086у формасындағы анықтаманы талап еткен мекеме сіздің рұқсатыңызбен базадан тиісті құжатты өтіп тұру керек.

Қазақстанда өте кең таралған медициналық анықтаманың бірі – 086 формасы көбіне жұмысқа орналасқан кезде немесе көлік жүргізушінің куәлігін алар кезде қажет болады. Бұл анықтаманың ашық саудаға түскені де белгілі, кез келген жарнама беретін сайттарда бағасы да, дайын болатын мерзімі де ашық жазылып жүр. Шын мәнінде, 086 медициналық анықтамасын алу үшін азамат қан және несеп сынамасын тапсырып, қанындағы қант мөлшерін тексерту керек. Сондай-ақ, 15 жастан асқан азаматтар міндетті түрде флюорография жасатуы тиіс.

«086 формасындағы медициналық анықтаманың қағаз түрі сәуір-мамыр айларынан бастап жойылады. Алдын алу шараларына сәйкес, адам жылына бір рет тегін медициналық қаралудан өте алады. Ол медициналық жазбалар автоматты жүйеде сақталып, басқа мемлекттік органдардың, мәселен, Ішкі істер министрлігінің сұрауы бойынша, тек сіздің келісіміңізбен ғана мәліметтер өңделіп, анықтама автоматты түрде көрінеді», - дейді вице-министр.

Яғни, Олжас Әбішев түсіндіргендей, егер сіз белгілі бір мемлекеттік қызмет алу үшін 086 формасындағы медициналық анықтамаға мұқтаж болсаңыз, тиісті орган базадан сіздің келісіміңізді ала отырып, қашан медициналық тексеруден өткеніңізді көре алады. Егер  тексеру сол жылы өткені тіркелсе, онда сізге анықтама беріледі. Егер мерзімі өтсе, онда медициналық тексеруден өтуге тура келеді.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан 

Серіктес жаңалықтары