Шырша өртеген азаматқа 16 млн теңгеге дейін айыппұл салынуы мүмкін
Қарағанды облысының тұрғыны 5 шырша өртеген

Жаңа жыл түнінде 5 шырша өртеген Қарағанды облысының тұрғынына 3-тен 7 мың АЕК-ке дейін айыппұл салынуы мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі облыстық полиция департаментіне сілтеме жасап.
«Ақтоғай ауданы Сарышаған кенттік полиция бөлімшесінің кезекші бөліміне белгісіз біреулердің Сарышаған кентінің мәдениет сарайының жанындағы шыршаны өртеп жібергені туралы хабарлама келген. Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері 31 жастағы тұрғынды ұстады», - дейді полиция департаментінің өкілдері.
Олардың айтуынша, аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 202-бабы 2-бөлімі «Қасақана өрт қою жолымен бөтен мүлікті қасақана жою немесе бүлдіру» бойынша сотқа дейінгі тергеу басталған. Осы бап санкциясына сәйкес күдікті үш мыңнан жеті мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл салу, не болмаса сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тартылу немесе үш жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, не сол мерзімге бас бостандығынан айырылу жазасын өтейді.
Қарағанды облысы ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.