Арыстанбек Мұхамедиұлының анасы өмірден озды
Күлімхан Төлендиева 81 жасқа қараған шағында дүниеден өтті
Қайғылы хабар туралы ҚР Ұлттық музейі директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының бұрынғы баспасөз хатшысы Айдар Қырықбай хабарлады.
«Арыстанбек Мұхамедиұлына анасы Күлімхан апаның қайтыс болуына байланысты қайғысына ортақтасып көңіл айтамын. Асыл ананың топырағы торқа, иманы жолдас болсын. Арыстанбек аға, Алланың әміріне шара бар ма, болаттай берік болыңыз», - деп жазды Айдар Қырықбай.
Күлімхан Жүндібайқызы 1939 жылдың 14 наурызында Алматы облысы Талғар ауданы Тұздыбастау ауылында дүниеге келген. Сарытауқұм совхозында (Алматы облысы, Жамбыл ауданы) бухгалтер болып қызмет атқарған. Алты баланың анасы, «Күміс алқа» иесі. III дәрежелі Еңбек даңқы орденінің иегері.
Алматы облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы Күлімхан Төлендиевамен қоштасу рәсімі 6 қаңтарда өтетінін, жерлеу рәсімі 7 қаңтар күні Алматы облысы Қырғауылды ауылында (Сарыптау, 1А мекен-жайы) болатынын хабарлады.