Алматыда сапасыз медициналық көмек көрсеткен мекемелерге 1,2 млрд теңге айыппұл салынды
Консультативтік-диагностикалық көмек бойынша 45 мыңнан астам қызмет сапасыз көрсетілген
Алматының медициналық ұйымдары мемлекеттік қордан ай сайын қомақты ақша алса да қызмет сапасын дұрыс көрсетпей келеді. Тіпті кейбірі науқастарды емдемей, тиісті жұмысты көрсетпесе де жалған ақпарат беріп отырған. Көрсетілмеген қызмет түрлері үшін де Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры арқылы қомақты ақша алып отырған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Емханалар 1,3 млрд теңгенің қызметін тұрғындарға дұрыс көрсетпеген. Осы жылдың тоғыз айында көрсетілген медициналық көмектің сапасын бақылау барысында 50 мыңнан астам кемшілік анықталған. Яғни, осынша қызмет халыққа сапасыз көрсетілген. Нәтижесінде қаладағы емдеу мекемелеріне «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы филиалының тексерісі негізінде 1,2 млрд теңге мөлшерінде айыппұл салынды.
Медициналық қызмет сапасын бақылау бөлімінің жетекшісі Әсем Манапбаеваның айтуынша, кемшіліктің басым бөлігіне консультативтік-диагностикалық көмек көрсететін клиникалар жатады. Консультативтік-диагностикалық көмек бойынша 45 мыңнан астам қызмет сапасыз көрсетілген. Нәтижесінде емханалар 80 млн теңгені қорға кері қайтарған. Науқастарға 5,8 мың рет сапасыз қызмет көрсету – стационарлар мен стационарды алмастыратын көмек ұйымдарына тиесілі.
Аталған кемшіліктер үшін стационарлар мен стационарды алмастыратын мекемелер де жалпы көлемі 1,2 млрд теңгеден астам айыппұл төледі. Кемшіліктерге жол берген емханалардан тағы 60 млн теңгені қорға қайтаруға тура келген.
«Мониторинг барысында анықталған кемшіліктердің басы бөлігі – диагностика барысында белгіленген стандарттардан ауытқу, медициналық құжаттарды дұрыс толтырмау, қызмет бағасын негізсіз өсіру. Сонымен қатар, «көрсетілді» деп жазылған белгілі бір қызмет түрлерінің шын мәнінде көрсетілгенін растай алмаған клиникалар да көп», – деді Әсем Манапбаева.
МСҚ көрсетілген қызмет сапасына тұрақты бақылау жүргізіп отырады. Көрсетілген қызмет ақысы тыңғылықты тексеруден кейін төленеді. Ал кері қайтарылған қаражат медициналық көмектің өзге түрлеріне жұмсалмақ.