Қазақстанда көлік тіркеу уақытша тоқтатылды
Жүргізуші куәлігін беру функциялары да уақытша тоқтатылды
Техникалық жұмыстардың жүргізілуіне байланысты бүгін, 4 қаңтарда елімізде мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істемейді. Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының Facebook-тегі ресми парағында жазылған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Қазақстан ішкі істер министрлігінің бастамасымен көлікті тіркеу және жүргізуші куәліктерін беру бойынша қызметтерді көрсетуге, сондай-ақ мемлекеттік нөмірлерді дайындауға жауап беретін ақпараттық жүйелерді сүйемелдеу бойынша функциялар «Ақпараттық-өндірістік орталық» республикалық мемлекеттік кәсіпорны қарамағына берілді», - делінген мәліметте.
Техникалық жұмыстардың жүргізілуіне байланысты 4 қаңтарда мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс істемейді.
«Бүгін «Азаматтарға арналған үкіметтің» мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталықтарында құжаттар дайындайтын жабдықтар мен жаңа ақпараттық жүйені іске қосу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.