Украиналық сайт қазақстандықтардың жеке мәліметтерін заңсыз таратқан
Онда 200 миллионға жуық адамның мәліметтері бар
Украиналық сайт ТМД елдеріндегі 200 миллион адамның жеке мәліметтерін заңсыз таратқан. Онда тегі мен аты-жөнін, телефон нөмірлерін, тіркеу орны және басқа да ақпараттарды табуға болады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Украинаның ұлттық полициясы аталмыш сайттың жұмысына тыйым салғанын хабарлады.
«Бірлескен іс-қимылдар нәтижесінде ірі веб-ресурстардың бірінің қызметі оқшауланды және тоқтатылды. Онда 200 миллионға жуық адамның, оның ішінде Украина, Молдова, Беларусь, Қазақстан және ТМД елдерінің және өзге де азаматтардың дербес деректері заңсыз таратылды», - делінген хабарламада.
Сайтта телефон нөмірі, азаматтардың тегі, аты және әкесінің аты, олардың тіркелген жері, ал кей жағдайларда көлік құралдарын пайдалануға байланысты әкімшілік қызметтері туралы ақпарат бар.
Аталған факті бойынша Украина Қылмыстық Кодексінің «Жеке өмірге қол сұғу» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу жалғасуда.