Қазақстандық ғалымдар онкологиялық ауруларды анықтайтын ерітінді жасап шығарды
Енді бұл саладағы медициналық қызметтің құны төмендейді
С. Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің ғалымдары жатыр мойны обырын кешенді диагностикалау үшін ерітінді жасап шығарды. Екі жыл бойы ғылыми қызметкерлер сауықтыру орталығының өкілдерімен бірлесе цитология саласында сұранысқа ие ерітінді құрамын әзірлеген деп хабарлайды ҚР БҒМ баспасөз қызметі. Нәтижесінде олар бұрын-соңды шетелден әкелінген отандық өнімді жасай алды.
Енді ғалымдардың бұл жаңашылдықтары медициналық қызметтің құнын төмендетуге мүмкіндік береді. Өйткені ол қаржылық жағынан да, географиялық жағынан да қолжетімді бола түспек. Ғалымдардың айтуынша, ерітіндінің сапасы шетелдік аналогтардан кемтүспейді.
«Біздің ғалымдарымыздың жасап шығарған туындысы импортты алмастыру мәселесін шешеді. Осы зерттеудің нәтижесінде биоматериалды сақтауға арналған бекітуші ерітіндінің оңтайлы құрамы жасалды. Бұл биоматериалдарды тұрақтандыруға және тасымалдауға мүмкіндік береді, яғни онкологиялық ауруды одан әрі диагностикалау үшін жатыр мойнына жақпа ретінде пайдаланылады. Бұл әзірлеменің бірегейлігі — қатерлі ісікті тез диагностикалау мәселелерін кешенді түрде шешу болып табылады», — деді С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университеті Ұлттық ғылыми зертханасының кіші ғылыми қызметкері Айдана Имашева.
Айта кетейік, ғалымдар тобы өздері әзірлеген бекітуші ерітіндіге патент алды. Нәтижесінде бұл өнім Қазақстан Республикасының дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар тізіліміне енгізілді. Қазіргі таңда жоба коммерцияландыру сатысында.