«Аңсаған сәби» жобасы аясында Батыс Қазақстандағы алғашқы сәби дүние есігін ашты
Ана мен сәбидің денсаулығы жақсы
Батыс Қазақстан облысында «Аңсаған сәби» президенттік бағдарламасы аясында алғашқы нәресте дүниеге келді. Бұл туралы облыстық Денсаулық сақтау басқармасы хабарлады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Үкіметке биылдан бастап «Аңсаған сәби» бағдарламасын жүзеге асыруды тапсырғаны белгілі.
Осы бағдарламаға сәйкес 34 жастағы азаматша Алматыдағы репродуктивті медицина институтының репродуктолог дәрігері Людмила Бадельбаеваға жүгінген. Мұның алдында ол төрт жыл емделгенімен, нәтижесі болмаған екен. Енді, міне, «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында оның арманы орындалып, әйел өмірге салмағы 3250 грамм қыз баланы әкелді.
Басқарма мәліметіне сүйенсек, қазір анасы мен қызының дені сау. Нәресте аман-есен өсіп келеді.