Ashyq қосымшасындағы мәртебесі «көк» түсті азаматтар жұмыс күндері де сауда орталықтарына кіре алмауы мүмкін
Қазірдің өзінде вакцина алмағандар сауда орталықтарына демалыс күндері кіре алмайды
Ashyq қосымшасындағы мәртебесі «көк» түсті азаматтар, яғни вакцина алмағандар жұмыс күндері де сауда орталықтарына кіре алмауы мүмкін. Бұл туралы коронавирустың таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында сөз болды.
Комиссия мүшелері жұмыс күндері ойын-сауда орталықтарына тек қосымшада жасыл деген мәртебесі тұрғындарға рұқсат ету мәселесін қарастырып жатыр. Осыған орай жаңа пилоттық жоба әзірлеу жоспарда бар.
"Бұл талап енгізілсе, кәсіпкерлерге де әсер ететінін жақсы түсінеміз. Өйткені сауда орталығында тек сауда нысандары ғана емес, сонымен қатар қоғамдық тамақтану, мектепке дейінгі білім беру, ойын-сауық орындары да бар. Олардың кірісі мен айналымы да төмендеуі мүмкін. Сондықтан қазір бұл мәселе қызу талқыланып, пысықталып жатыр. Барлық шығынды есептеу керек: олар өз жұмысын қалай ұйымдастырады, бұл келушілер санының төмендеуіне әсер ете ме, жоқ па. Осы тармақтың бәрін талқылау қажет, содан кейін Денсаулық сақтау министрлігіндегі әріптестермен бұл мәселе одан әрі пысықталады", - деді Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Салтанат Лесбаева.
Айта кетерлігі, қазірдің өзінде Ashyq қосымшасындағы мәртебесі «көк» түсті қазақстандықтар сауда орталықтарына демалыс күндері кіре алмайды.