Маңғыстау облысында автогаз бірден 15 теңгеге қымбаттады

Azattyq Rýhy

Жауапты мамандар бағаның әлі де құбылуы мүмкін екенін айтуда

Маңғыстау облысында автогаз бірден 15 теңгеге қымбаттады
Фото ашық дереккөзден

Маңғыстау облысында осы уақытқа дейін 65 теңгеден сатылып келген автогаздың бағасы  80 теңгеге жетті. Бұған көлік жүргізушілері наразы, деп хабарлайды КТК арнасы.

Жүргізушілер автогаздың қымбаттауынан такси қызметі өсіп, азық-түлік бағасы тағы да шарықтап кетеді дейді. Көгілдір отын кей жерлерде 85 теңгеден саудаланып жатыр. Мұнайлы аймақ айына 18 мың тонна сұйытылған газбен қамтылып отыр. Оның 14,5 мың тоннасы Жаңаөзендегі «Қазақ газ өңдеу» зауытынан алынса, қалған 3,5 мың тоннасы Атыраудағы зауыттан жеткізіледі.

Газ бағасының қымбаттауы отынның электрондық сауда арқылы сатылуына байланысты дейді жауаптылар. Егер сұраныс болмаса, баға төмен түседі екен. Десе де шенеуніктер келер жылдан бастап автогаз бағасын тек нарық реттейді дейді. Сондықтан баға әлі де қымбаттауы мүмкін. 

«Бүгінгі таңда электрондық сауда бөлінісіндегі газ 70 пайызды құрап отыр. 2022 жылдың қаңтар айынан бастап бұл 100 пайыз электрондық сауда арқылы жүзеге асырылатын болады. Сұраныс қалай болса, баға да солай болады. Егер сұраныс болмаса, сатып алған газдың көлемі төмен болуы мүмкін. Өздеріңізге белгілі, өткен жылы пандемия кезінде, мысалы, 30 теңгеге дейін түсті. Сондықтан бағаның қандай болатынын нарық реттейді», - дейді Маңғыстау облысы энергетика тұрғын үй-коммуналдық-шаруашылығы басқармасының басшысы Нұрлан Орынбасаров.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.