Испания, Кабо-Верде және Ресей азаматтары Қазақстанда ірі қаржы пирамидасын құрған
Қылмыстық іс бойынша төрт адам жауапқа тартылды
ҚР Ішкі істер министрлігінің тергеу-жедел тобы Қазақстан тәуелсіздігі тарихындағы ең ірі қаржы пирамидасы Questra World (Куэстра Уорлд) жетекшілеріне қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеуді аяқтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тергеу барысында 2016 жылдың наурызынан 2017 жылдың маусымына дейін Испания, Кабо-Верде және Ресей азаматтары Қазақстан аумағында QUESTRA WORLD қаржы пирамидасын құрып, оған қазақстандықтар да тартылған. Қаржы пирамидасын осылайша трансұлттық ұйымдасқан топ басқарғаны анықталды. Пирамида басшылары салынған соманың 336%-ына дейін табыс табуға кепілдік беріп, салымшыларға виртуалды валютаны пайдалану арқылы 90-нан 500 мың еуроға дейінгі ойдан шығарылған инвестициялық портфельдер сатып алуды ұсынған», - деді Нұрділдә Ораз.
Тартылған қаражат кәсіпкерлік қызметте пайдаланылмаған, кейбір қатысушыларды жаңа салымшылардың жарналары есебінен байыта отырып, өз араларында бөліске салған. Жалпы алғанда, қаржы пирамидасына Қазақстанның мыңдаған азаматы тартылды, ал келтірілген материалдық залалдың сомасы 1 млрд теңгеден асты.
Қылмыстық іс бойынша төрт адам, оның ішінде бұрын Беларусь елінен экстрадицияланған Ресей азаматы жауапқа тартылды.