Михаил Ломтадзе Мемлекет басшысына мемлекеттік органдармен бірлесіп жасалған инновациялық қызметтерді таныстырды
Түбегейлі өзгерістердің негізгі мақсаты — адамдардың өмірін жақсарту
Digital Bridge халықаралық технологиялық форумында Kaspi.kz компаниясының негізін қалаушы әрі басшысы Михаил Ломтадзе Мемлекет басшысына мемлекеттік органдармен бірлесіп жасалған инновациялық сервистер жайлы айтып берді.
ҚР Президентінің жанындағы Цифрландыруды енгізу мәселелері жөніндегі комиссияның отырысында Михаил Ломтадзе: «Соңғы екі жылда Қазақстанда цифрландыру саласында орасан зор өзгерістер болды. Қазіргі таңда Kaspi.kz – әлемдегі аса ірі қаржытех-компаниялардың бірі. Сондай-ақ бұл компания Қазақстанда құрылған!
Түбегейлі өзгерістердің негізгі мақсаты — адамдардың өмірін жақсарту. Бұл үшін адамдардың жиі пайдаланатын қызметтерінің сапасын жақсарту керек. Біз мемлекеттік органдардағы әріптестерімізбен бірлесіп, екі жылдың ішінде бір сервистің артынан екіншісін іске қосып жатырмыз. Біз жобаларды Цифрлық даму министрлігімен, Қаржы министрлігімен, Мемлекеттік кірістер комитетімен, Еңбек министрлігімен, Ішкі істер министрлігімен, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-пен бірлесіп жасап отырмыз. Сондай-ақ бұл сервистер дәл бүгін, дәл қазір адамдардың өмірін жақсартып жатыр», - деді.
Цифрландыру жобаларының көрмесінде Михаил Ломтадзе Мемлекет басшысына автомобильді онлайн тіркеу сервисінің қалай жұмыс істейтінін көрсетті.
«Біздің сүйікті клиенттеріміз – 7 миллионнан астам қазақстандық Kaspi.kz қосымшасындағы «Мемлекеттік қызметтер» сервисіне кіріп, онлайн-сервистерді пайдаланып жүр. Мысалы, біз автомобильді қайта тіркеуді толығымен онлайн жасадық. Бұл – әлемдегі бірегей тәжірибе. Бұл сервисті Цифрландыру министрлігімен бірге іске қостық. Ішкі істер министрлігімен бірге жеделдеттік. Қазір еліміздегі әрбір үшінші автомобиль Kaspi.kz мобильді қосымшасында толығымен онлайн тіркеледі», – деді Михаил.
Михаил Ломтадзе сондай-ақ балаларға арналған әлеуметтік жәрдемақыны ресімдеу де онлайн режимге толығымен өтетінін атап өтті. Бұл – Еңбек министрлігімен, Цифрландыру министрлігімен және «Ұлттық ақпараттық технологиялар»АҚ-пен бірлесіп әзірленген, жақында іске қосылған жаңа сервис. Енді ата-аналарға қағаз құжаттарды ұсыну үшін ХҚКО-ға баруға уақыт жұмсаудың қажеті жоқ. Kaspi.kz қосымшасында өтінім берсе жеткілікті. «Қазір ата-аналар ХҚКО-ға барып, құжаттарды ресімдеуге уақытын кетірмей, балаларына көбірек уақыт бөле алады», – деп толықтырды М.Ломтадзе.
Михаил Ломтадзе мемлекеттік инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру цифрландыру саласында үлкен жетістіктерге қол жеткізуге мүмкіндік беретініне сенім білдірді.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Менің ойымша, Қазақстанда және шетелде сіздің жетістікке жеткеніңізді бәріміз мойындауымыз керек. Алдағы уақытта да асуларды бағындыра беруіңізге тілектеспін», – деп ыстық лебізін білдірді.