$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.10.2021, 18:12
Жаңалықтар

«Банкоматтарын жабу керек»: депутаттар Сбербанктің қазақ тілін таңдаудағы ақауына қатысты пікір білдірді

Мәжілісмен қаржы институтының қатесін қазақстандық заңдарды «тікелей бұзу» деп атады

«Банкоматтарын жабу керек»: депутаттар Сбербанктің қазақ тілін таңдаудағы ақауына қатысты пікір білдірді
Фотоколлаж: Нұрсұлтан Жорабай

Түркістандағы «Сбербанк» банкоматында клиенттерге «қазақ тілін таңдамау» туралы ескертуі қоғам белсенділерінің ашуын тудырды. Бұл мәселеге қатысты Мәжіліс депутаттары мен қоғам белсенділері ресейлік банктің қазақстандық заңды бұзғандығына сенімді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қоғам қайраткері Мұрат Әбенов жариялаған фотода клиенттерге қазақ тілін таңдамау керектігі, әйтпеген жағдайда банкомат істен шығатыны жазылған.

Мәжіліс депутаты Наталья Дементьева бұл мәселе банктің техникалық ақауларымен ғана байланысты деген пікірде. Сбербанктің біраз жылғы клиенті ретінде Дементьеваны бұл мәселе еш алаңдатпайтын сыңайлы. Ол фотосуреттің жариялануын «арандатушылық әрекет» деп атады. Сонымен қатар, депутат азаматтардың өздеріне ыңғайлы қызмет көрсету тілін таңдауға құқығы бар екеніне келісті.

«Банкоматтар жүйесінде қандай да бір ақаулар бар. Бұл банктің қателігі. Банкоматтарды іске қоспас бұрын, олар бұған жол бермеуі керек еді. Бірақ мен бұл жағдайда тілдік мәселенің астарын мүлдем көріп тұрған жоқпын», - деп түсіндірді Наталья Дементьева.

Ал төменгі палата депутаты Аманжан Жамалов әріптесінің пікірімен келіспейді. Мәжілісмен қаржы институтының қатесін қазақстандық заңдарды «тікелей бұзу» деп атады.

«Бұл әдеттегідей біздің заңдарымыздың бұзылуы. Ертең біздің елімізге дәл осылай мысалы, кейбір ағылшын немесе америкалық банк кіріп, осыған ұқсас белгілерін іліп қоюы мүмкін. Олардың банкоматтары ағылшын тілінде болатыны түсінікті, бірақ бұл біз банкоматтардағы қызметтерді жаппай ағылшын тілінде алуымыз керек дегенді білдірмейді. Егер олар жеткізілген елдің тілінде жұмыс істемесе, банкоматтарды не үшін пайдалану керек? Оның үстіне ескертуді қазақ тілді тұрғыны басым Түркістанда іліп қойды», - деді депутат.

Ұлттық тұтынушылар лигасының басшысы Светлана Романовскаяның айтуынша, ресейлік банкирлер «тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» және «тілдер туралы» заңдарды бұзып отыр. Аталған ресми құжаттарда Қазақстан аумағындағы кез келген қызмет, кез келген тауар, жұмыс және ол туралы ақпарат бірінші кезекте мемлекеттік тілде берілуі тиіс екендігі нақты жазылған.

«Сбердің әрекеті – заңдарымызды тікелей бұзу. Егер бізге жұрттан шағым түссе, біз банкке жеткізіп, қандай да бір шешімге келе аламыз. Оның үстіне, бұл Қазақстан аумағында қызметін жүзеге асырып жүрген шетелдік банк. Ол өзі мен оның тұтынушысы арасындағы қарым-қатынасты реттейтін барлық нормативтік – құқықтық базаны ұстануы керек», - дейді Романовская.

Серіктес жаңалықтары