Ақтауда қаланы жарықпен безендіру үшін 38,7 млн теңге жұмсалмақ болған
Қала әкімдігі көгалдандыру орнына пластик гүлдер еккен
Биыл «Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімі» мемлекеттік мекемесі қаланы безендіру жұмыстарына қыруар қаражат бөлді деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Мемлекеттік сатып алулар порталындағы мәліметте «Жұлдызды аспан» әсемдік жарықдиодты жарықтандыруды құруға» 38 742 415 теңге жарияланған. Көрсетілген құжат бойынша жобаның жарамдылық мерзімі 1 жыл.
Бұл жобаға конкурс маусым айының 30-ы күні жарияланған. Араға 1 ай жетпей жатып құжат қабылдау аяқталады. Осы аралықта 9 компания өтініш беріп үлгерген.
Кейін 38 млн теңгеге бағаланған тендерге қайта құжат қабылдау жарияланған. Порталдағы ақпаратқа сәйкес, Маңғыстау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаменті бұл жобаны уақытша тоқтатқан. Себебі, камералдық тексеріс жүргізілуде.
Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы биыл жазда да қаланың безендіру жұмыстарына аянып қалмаған. Қаланы мемлекеттік мерекелерге безендіруге 24 млн 579 мың теңге бөлініпті. Бұл тендер мамыр айының 5 күні жарияланып, 20-сы күні аяқталған. Жобаны жеңіп алған ұйым – «АКТАУ PRINT».
Осының алдында бір ай бұрын Ақтау қаласын көгалдандыруға 122 млн 123 мың теңгеге тендер жарияланған. Жобаны іске асырушы – «Соқырлардың Қазақ қоғамының Ақтау оқу-өндіріс кәсіпорны».
Жазда көгалдандырылған қаланы әкімдік күзде пластик гүлге толтырайын деп шешіпті. Бұл сұлулыққа 15 млн теңге қарастырған. Сәндік жарықтандыру жұмыстарын «Clever media group» ЖШС жүргізеді, онымен Ақтау қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі 16 қыркүйекте шарт жасасқан. Жұмыс 20 қазанда аяқталады деп жоспарланған.
Еркежан Айтқазы, Нұр-Сұлтан қаласы