Астанада биыл 10 мыңнан астам қолжетімді баспана пайдалануға беріледі
Үйлердің сапасы жүйелі түрде тексеріліп тұрады
Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов елордада баспана мәселесі қалай шешіліп жатқанын түсіндіріп берді, деп хабарлайды әкімдіктің ресми сайты.
«Нұр-Сұлтан қаласы тұрғындарының саны 10 жыл бұрын 600 мың болатын. Ал қазір 1 млн 200 мыңнан асты. Осы қалпында өссек, болжамға сәйкес 2030 жылы 2 млн-ға жетеді. Урбанизация — әлемдік үрдіс. Біз де одан қалыс қалған жоқпыз. Қазірден бастап соған дайындалуымыз керек. Мысалға қала тұрғындарының өсуіне орай баспана мәселесі өзекті болып отыр. Қолжетімді баспана салу қарқыны төмендеген жоқ. Қайта еселеніп өсіп жатыр», - дейді әкім.
Алтай Көлгінов сөз арасында биыл 10 мың қолжетімді баспана беру жоспарланып отырғанын мәлім етті.
«Қаламызда қолжетімді баспана санын үш есе арттыру қажет, бұл ең алдымен Мемлекет басшысының тапсырмасы. Егер сандарға сүйенер болсақ, 2019 жылы 1 млн 700 мың шаршы метр тұрғын үй салған болсақ, 2020 жылы үш млн шаршы метрді құрады. Ал биыл 3 млн 200 мың шаршы метр салуды жоспарлап отырмыз. Бұл рекордты көрсеткіш. Оның 80 пайыздан астамы - жеке инвестиция. Бұл мемлекет тұрғын үй саласына үлкен көңіл аударып отыр дегенді білдіреді.
Оның ішінде қолжетімді баспана еселеп артып келеді. Мысалға 2018 жылы 1,8 мың пәтер, 2019 жылы 2,9 мың пәтер, 2020 жылы 7 мың пәтер, биылғы жоспар - 10 мың пәтер. Яғни кезекте тұрған 10 мың азаматқа пәтер береміз. Одан бөлек «7-20-25», «Шаңырақ» бағрдарламасы бар. «Отбасы» банкімен бірлесіп осы бағдарламаларды орындап жатырмыз», - деді Нұр-Сұлтан қаласының әкімі.
Қала әкімі өз сөзінде салынып жатқан үйлердің құрылыс сапасын да қозғап өтті.
«Үйлердің сапасын жүйелі түрде тексеріп тұрамыз. Неше түрлі мердігер компаниялар бар. Біз олардың бәріне бақылау орнаттық. Оның кепілдігі болады. Тиісінше оны біз талап етеміз. Егер үй сапасыз салынған болса, тиісті деңгейге келтіріп қайта салу үшін мердігер компания өз қаражатын жұмсайды», - деді Алтай Көлгінов.