ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 794 адамнан коронавирус анықталды

Ұшақ апатын тергейтін прокурорлар тағайындалды

Алматыда болған ұшақ апатына қатысты кінәлілер анықталып, лауазымды азаматтардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі

Фото: sputniknews.kz

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов 27 желтоқсанда болған әуе апатына қатысты процессуалдық прокурорлар тағайындалғанын хабарлады.

«Бүгін Ішкі істер министрі ұшақ апатына қатысты толық ақпарат берді. Бас прокуратура осы іске қатысты процессуалдық прокурорларды тағайындады. Тергеу егжей-тегжейлі және объективті түрде жүреді. Тергеу негізінде апаттың себебі анықталып, тиісті қорытындылардың көмегімен кінәлі азаматтар, соның ішінде лауазымды азаматтардың әрекеттеріне құқықтық баға беріледі», - деді Марат Ахметжанов журналистерге берген жауабында.

Прокуратура Алматы әуежайы маңындағы құрылыс үшін бөлінген жер телімдерінің заңдылығынан бастап, апат болған күнге дейінгі оқиғаларға кешенді тексеру жүргізеді.

«Президенттің тапсырмасына байланысты бақылау Бас прокуратураға жүктелді», - дейді ол.

Естеріңізге сала кетейік, 27 желтоқсан күні Алматы маңында BEK AIR компаниясына тиесілі ұшақ апатқа ұшырап, 12 адам қаза тапты.

Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан