Алматыдағы атыс: сот шешімін орындау барысында қаза тапқан полицейлердің отбасыларына пәтер берілді
Атыстан бес адам өлім құшты
Алматының Алатау ауданындағы атыста қаза тапқан полицейлердің жесіріне пәтер кілті табысталды. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев қайғылы оқиғадан қаза тапқан полицейлердің отбасыларымен кездесті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Пәтерлерді беру сот шешімін орындаймыз деп қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан полицейлердің отбасыларын қолдау мақсатында жүргізілді. Ақбұлақта атыс ұйымдастырған қылмыскер Игорь Дужновтың оғынан бес адам өлім құшты.
Полиция капитаны Нұрбол Байғазиев ішкі істер органдарында 2014 жылдың қыркүйегінен бастап қызмет етті. 2021 жылдың 28 шілдесінен бастап Алатау аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарды. Оның артында 5 және 7 жастағы екі баласы қалды.
Полиция майоры Дархан Сүлеев ішкі істер органдарында 2003 жылдың қаңтарынан бастап қызмет етті. 2021 жылдың 20 тамызынан бастап Алатау аудандық ПБ жанындағы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы қызметін атқарды. Оның артында кәмелетке толмаған бес баласы қалды, олардың ең кішісі – 4, үлкені – 16 жаста. Байғазиевтің отбасы сияқты оның да жеке тұрғын үйі болған жоқ.