«Асты тесіліп қалған ба деп әзілдедік» - апаттан аман қалған жолаушылар оқиғаның қалай болғанын айтты
Azattyq Rýhy тілшісі ауруxанада жатқан жолаушылармен тілдесті
Жаңажылдық мерекені достарымен бірге Нұр-Сұлтанда қарсы алмақ болған адамдардың бірі - Гүлнар Байымбетова. Алматыда №4 қалалық клиникалық ауруханада ем алып жатқан Гүлнардың басы мен аяғы жараланған. Оның айтуынша, ұшақтың салоны суық болған. Жылы киіммен бүркеніп алған Гүлнар жанында отырған жолаушымен «Ұшақтың асты тесік пе?» деп әзілдескенін айтады. Жарты сағаттан соң орнынан қозғалған ұшақ әуеге бірнеше метр көтеріліп барып, қайта құлған. Екі жаққа кезек теңселген техника зымыраған күйі үйге соғылған.
«Салон өте суық болды. Әдетте ұшақтың ішін жылытатын. Мен Bek Air –дің ұшағына бірінші рет отырдым. Суық болса да 1,5 сағаттық жолға шыдаймын деп ойладым. Жылдамдық алған соң ұшақ көтеріліп барып, жерге құлады. Жарық өшіп қалды да, салонда айғай-шу, дүрбелең басталды. Ұшақ жылдамдығын тоқтатпаған күйі бір нәрсеге соғылды. Есімнен танып қалған болуым керек. Көзімді ашсам, төбемде аспан тұр. Ұшақ тесіліп, үйдің құлаған кірпіштері үстімді басып қалыпты», - деді 8-қатардағы орындықта отырған Гүлнар Байымбетова.
37 жастағы жолаушы аяғын үйдің кірпіштері басып қалғанын айтады. «Құтқарыңдар!» деп айғайлаған оны үінді астынан өзге адамдар шығарып алған. Сасқалақтаған адамдар оның қолына бөтен баланы ұстатып жіберіпті.
«Алдымен мені бір машинаға отырғызып, алдыма біреудің баласын ұстатып жіберді. Бір жерге келгенде бізді жедел-жәрдем көлігіне ауыстырды. Кейін бұл менің балам емес деп айғайладым. Бойдақпын, тұрмысқа шықпағам. Меніңше, ұшақ техникалық жағынан ұшуға дайын болмады. Оны дұрыс тексермеген. Жүрдім-бардым әрекеттері үшін жауапқа тарту керек деп санаймын», - деді алдағы уақытта әуе компаниясынан өтемақы талап ететінін айтқан Байымбетова.
Ал сол аяғы екі жерден сынып, операция жасалған Сәуле Нұрманова ұшақтың ең алдыңғы қатарына жолдасымен бірге жайғасыпты. Ол Нұр-Сұлтан қаласынан Алматыға оқуының сессиясын жауып, емтихан тапсыру үшін келген екен. Сессиядан соң үйіне қайтып бара жатқан Сәуле Bek Air-дің билеті арзан болған соң отырғандарын айтады. Оның айтуынша, ұшақтың экипаж мүшелері жарты сағаттай өзара сөйлесіп, құжаттарға көп қараған. Жолаушылар олардың әрекеттеріне қарап рейс тоқтауы мүмкін деп ойлағандарын да айтады.
«Мен бизнес-кластан кейінгі бірінші қатарда отырдым. Ұшақтың ішінде суық үрлеп тұрды. Сессияға ұзақ дайындалдым. Шаршап отырғанмын. Еден суық болды, тоңған соң қорабымен тұрған бір нотбугімді аяғымның астына қойдым. Тоңған, әрі шаршаған соң ба, ұйықтап кетіппін. Ұшақтың қозғалғанын сезгенмін, жерге құлағанда оянып кеттім. Күйеуім еңкей деп, үстімнен басып алды. Соққыдан қорғамақ болуы керек. Ұшақ жылдамдығын азайтпаған қалпы құрылысқа соғылды. Талып қалыппын. Оянсам, жолдасым жұлқылап жатыр. Қасымызда ер адам отырған. Өліп қалған болуы керек, күйеуім ол жаққа қаратпады», - деді қорқынышты сәттен әлі көз жасын тыя алмай жатқан Сәуле.
Сәуле Аманғалиқызы қазір №4 қалалық клиникалық аурханасының эндопротез бөлімінде төсекке таңылған. 30 жастағы науқастың айтуынша, сынған аяқтың қос сүйегі орнына келгенше кемі бір ай керек. Құлаған үйдің кірпіштері мен құрылыс материалдары басып қалған оны күйеуі ұшақтың тар терезесін сындырып барып, шығарып алған.
«Салондағы орындық пен үйдің діңгектері, сылақ топырақтары үстімізді басып қалды. Жолдасым алдыңғы жаққа өтіп, сынған терезені өзге адамдармен бірге кеңейтті. Мені сол тар терезе арқылы сырттағы адамдарға берді. Өзіміздің екі чемоданымыз, үш нотбугіміз болған. Жүгіміз әуежайда деп естідік. Егер компания сынған заттарымызды, өтемақыны ерікті түрде төлемесе, сотқа береміз. Кеше Президент айтқандай, кінәлілер жазалануы тиіс. Мен ұшақты әуежайда дұрыс тексермеген деп санаймын. Экипаж мүшелерінің бір нәрсеге күдігін байқадым. Мен өзге әуе компанияларымен жиі ұшам. Бірақ экипаж мүшелерінің бір-біріне бірдеңені түсіндіріп, осылай ұзақ сөйлесуін ешқашан көрмеппін», - деді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Сәуле Нұрманова.
Ал ұшақтың ең соңғы қатарында отырған Тілеулес Нұрхамит апаттан соң салонның ішіне керосиннің иісі жайылғанын айтады. Ұшқанға дейін ұйықтап кеткен жігіт ең соңғы 33-қатарда отырыпты. Дүрлігу басталғанда ғана ұйқыдан оянған 24 жастағы Тілеулес апат кезінде еш жарақат алмаса да, шоктан орнынан ұзақ уақыт қозғала алмағанын айтты.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы