«Атырау» жанкүйерлері: Шетелдік жаттықтырушы жергілікті ойыншыларды шеттетіп жүр
Футбол клубының жанкүйерлері айлығы көп 6 легионердің жыл басынан бері қарсылас қақпасына гол соқпағанына ашынады
Атырауда футбол жанкүйерлері жанжал шығарды. Олар шетелден аттай қалап әкелген жаттықтырушы жергілікті ойыншыларды шеттетіп жатыр деген сенімде. Ал командадағы 6 легионер жыл басынан бері қарсыластың қақпасына гол соға алмады деп ашынады.
Сөйте тұра алатын айлығы да өте көп. Сондықтан «Атырау» футбол клубын тоқырауға түсіргендерді командадан қууды талап етіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy КТК телеарнасына сілтеме жасап.
«Атырау» футбол клубының жанкүйерлері басшылықпен бетпе-бет жүздесе алмай жүргеніне біраз болған. «Базынамызға құлақ аспағасын, бас көтеруге мәжбүр болдық» дейді. Себебі, сенімгерлік басқаруға өткен футбол клубының әбден күйі қашқан көрінеді.
«Соңғы бес-алты жылда футболымыз құрып бара жатыр. Бірінші лигаға түсіп қалдық. Бүкіл жанкүйерлердің тілегі: Сенімді басқару дегенді алып тастап, қайтадан Үкіметке берсе. Ақшасын шығарған соң Үкімет өзі тексеріп отырады ғой», - дейді Атырау қаласының тұрғыны Мұрат Әбдіров.
Қазір командада 6 легионер ойнап жүр. Олардың айлық жалақысы 2 миллион теңге көлемінде. Сондай-ақ ТМД елдерінен келген ойыншылар да жетерлік. Олар Еуразиялық одақ елдерінің азаматтары, сол себепті легионер болып саналмайды. Сондықтан Армениядан келген бас бапкер тек өз жерлестерін жарылқап жатыр дейді жанкүйерлер.
«Жергілікті жігіттер ойнамайды. Сегіз легионер ойнайды. Жаңа айтып кетті ғой, Восканян – армян жаттықтырушы. Ол өзінің айналасын ойнатады. Командаға өзінің жерлестерін – армяндарды алады. Легионерлер – кілең бразилиялықтар. Жағалауда мини-футбол ойнағандар. Ал мұнда үлкен футбол. Олар үлкен футбол ойнай алмайды», – дейді Атырау қаласының тұрғыны Жалғас Күзембаев.
Күні кеше Қазақстан біріншілігіндегі чемпиондыққа талас кезінде «Атырау» командасы өз алаңында «Тобылдың» алдында тізе бүкті. Футболшылардың қарқыны бәсеңдеп қалғанына жанкүйерлер тағы да куә болды. Ал бас бапкер жеңілістен көз ашпаудың себебін карантин мен жанкүйерлердің аздығына арта салды.
«Бізге жанкүйерлер жетіспейді. Соның кесірінен жігіттер ылғи жеңіліс табады. Қолдау жоқ. Карантин де оларға қатты әсер етті. Ал дайындыққа келетін болсақ, бәрі стандартқа сай. Жергілікті ойыншылар керек десеңіз, командада жаттығып жүр. Даудың басы неден шығып тұрғанын түсінбеймін», - деді «Атырау» футбол клубының бас бапкері Арам Восканян.
«Атырау» футбол командасының жылдық бюджеті – 1 млрд 200 миллион теңге. «Бірақ футболшылар соған сай ойнап жатқан жоқ» дейді жанкүйерлер. Олар «бармақ басты, көз қыстыны» қысқартып, алаңға тек талантты ойыншыларды шығаруды талап етіп отыр.