$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
28.09.2021, 14:27
Жаңалықтар

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда мал басы саны күрт азайды – статистика

Биылғы құрғақшылықтан Маңғыстау облысы мен Қызылорда облысының Арал ауданында 1 700-ден астам мал қырылған

Тәуелсіздік жылдарында Қазақстанда мал басы саны күрт азайды – статистика
Фото: Батыржан Беспаев

Елімізде тәуелсіздік жылдарында мал басы саны күрт қысқарған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ұлттық статистика бюросының мәліметінен 1990 – 2020 жылдар аралығында республика бойынша ірі қара, қой мен ешкі, жылқы, шошқа, түйе саны айтарлықтай кемігенін байқауға болады. 

Ірі қара мал

Мысалы, 1990 жылы республикадағы тіркелген ірі қара мал басы саны – 9 млн 700 мың. Кеңес кезінде құрылған шағын шаруашылықтар жекеменшік қолға өткеннен кейін 1996 жылы ірі қара мал саны бірден 4 млн 333 мың басқа азайған. Тек 2009 жылы ғана мал көлемін арттыруға бет бұру байқалады. Бұл жылы ресми тіркелген сиыр мен тайынша саны – 6 млн-ға жетті. Былтырғы көрсеткіш бойынша республикада 7 млн 850 ірі қара мал тіркеліпті.

Тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда ірі қара мал басы саны 1,9 млн-ға қысқарған.

Жылқы

Елімізде 1990 жылы 1 млн 626 мың жылқы тіркелген. 1998-2001 жылдар аралығында жылқы саны төмендеп – 900 мыңның шамасында болды. Тек 2015 жылы шаруалар тұлпар өсіруді қолға алып, оның санын 2 млн-ға, ал 2020 жылы 3,1 млн басқа жеткізді. Осылайша, тәуелсіздік жылдары өсім 1жарым млн жылқыға жетті.

Қой мен ешкі

1990 жылы республикада тіркелген ұсақ мал саны – 35,6 млн. Тура 5 жылдан кейін бұл көрсеткіш 19,6 млн басқа азайған. 1998-2000 жыл аралығында бұрын соңды болмаған ең төменгі көрсеткіш тіркелген. Аталған жылдары қой мен ешкі саны – 900 мың шамасында. Бұл көрсеткіш тәуелсіздік алған алғашқы жылдармен салыстырғанда 3 жарым пайызға аз.

Соңғы көрсеткіш бойынша 2020 жылы 20 млн ұсақ мал тіркелді. Жалпы алғанда 30 жыл ішінде қой шаруашылығы 15,6 млн бас жоғалтты.

Шошқа

1990 жылы 3 млн 223 мың шошқа тіркеліпті. 1997-1999 жылдары шошқа саны күрт төмендеп 900 мың шамасында болды. 2013 жылдан бастап бүгінге дейін шошқа саны бұрынғы шамадан жоғарылаған жоқ. Ресми дерек бойынша, Еуразиялық экономикалық одақ аясында Ресей шошқа етінің басым бөлігін Қазақстанға экспорттап отыр.

Түйе

Тәуелсіздік жылдарынан бері кенже қалған саланың бірі – түйе шаруашылығы. Статистикалық мәлімет бойынша 1990 жылы бар-жоғы 143 мың түйе тіркеліпті. 30 жыл бойы түйе саны айтарлықтай кеміген де, өскен де жоқ. Былтырғы көрсеткіш бойынша республикада 200 мың түйе тіркелген.

Айта кетерлігі, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 10 шілдедегі Үкіметтің кеңейтілген отырысында «тек Маңғыстау облысында ғана өлген мал саны 3 мыңға жетті» деген мәлімдеме жасады. Ал Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметінше, биылғы құрғақшылықтан Маңғыстау облысы мен Қызылорда облысының Арал ауданында 1 700-ден астам мал қырылған.

Серіктес жаңалықтары