Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі БАҚ-қа аза тұту күні ойын-сауық контентін азайтуды ұсынды
Жалпыұлттық аза тұту күні барлық БАҚ сайттарынан жарнамалық баннерлерді, көңіл көтеру және интерактивті элементтерді, музыкалық сүйемелдеуді алып тастау ұсынылды

ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі жалпыұлттық аза тұту күні бұқаралық ақпарат құралдарын реттеу және сайтты рәсімдеу бойынша ұсынымдар жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Министрлік жалпыұлттық аза тұту күні ең алдымен БАҚ қызметінде және олардың интернет-ресурстарын рәсімдеуге байланысты бірқатар шаралардың сақталуы құпталатынын хабарлады. Сонымен қатар министрлік жалпыұлттық аза тұту күні медиа-сайттардың жоғарғы бөлігіне оқиға болған күнді және «Қазақстан Республикасындағы жалпыұлттық аза тұту күні» деген жазуы бар баннер орналастыруды ұсынды.
«Баннердің түсі қара, мәтіннің түсі ақ болуы керек. Мәтіннің тілі пайдаланушы таңдаған тілдік нұсқаға байланысты өзгеруі тиіс. Баннер арқылы оқырман қайғылы оқиға туралы ақпараттарды ашуы керек. Сайттың тұтас түстік гаммасын қара және ақ түстерге өзгертіңіз. Телеарналардың логотипін ақ-қара түске бояуға болады», - деп жазылған министрліктің ресми хабарламасында.
Министрлік жалпыұлттық аза тұту күні барлық БАҚ сайттарынан жарнамалық баннерлерді, көңіл көтеру және интерактивті элементтерді, музыкалық сүйемелдеуді алып тастауды ұсынды. Сонымен қатар барлық материалдарда пікір жазу функциясын өшіру қажет екенін айтты. Сондай-ақ телеарна мен радиоларда жарнамаларды алып тастау керектігін мәлімдеді.