Жамбылда жүк көлігі мен жеңіл автокөлік соқтығысып қалды

Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды

Жамбылдағы Тұрар Рысқұлов ауданы аумағындағы «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» тас жолының 430-шақырымында «Chevrolet Cobalt» жеңіл автокөлігі мен «Погрузчик» техникалық көлігімен соқтығысты, деп хабарлайды облыстық полиция департаметінің баспасөз қызметі.

Соқтығысқан жүк тиегіш көлігі жол жиегіне құлаған. Ал Chevrolet Cobalt автокөлігінің жолаушысы оқиға орнында көз жұмды.

Жүргізушісі түрлі жарақатпен Т. Рысқұлов ауданының орталық ауруханасына жеткізілді.

Автотиегіш жүргізушісі зардап шеккен жоқ. Аталған дерекке қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

«Жол-көлік оқиғасының себебі анықталып жатыр, бірқатар сараптамалар тағайындалды.ҚР ҚІЖК-нің 201-бабы негізінде тергеу мүддесі бойынша тергеу әрекеттерінің мән-жайлары жария етілмейді»,- дейді Т.Рысқұлов аудандық полиция бөлімінің бастығы Олжас Омарбеков.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.