Нұр-Сұлтан студенттері элиталық үйде 25 мың теңге төлеп тұрып жатыр
Жаңадан ашылған Astana IT университет тек автотұрақ сатып алу үшін 110 млн теңгеден астам қаржы жұмсаған
«Экспо-2017» көрмесінен қалған нысандарда қазір бірнеше мекеме жұмыс істейтіні белгілі. Солардың бірі – биыл ашылған Astana IT Университеті. Көрмеден кейін шетелдік қонақтар үшін салынған элиталық үйлерді қымбат бағада сатып алған тұрғындар «Expo Residence» тұрғын үй кешені университет студенттерінің жатақханасына айналды деп шағымданған болатын.
Университетке кешенді сатқан «Байтерек девелопмент» акционерлік қоғамы. «Бәйтерек» холдингінің еншілес кәсіпорны. Компания 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап балансындағы 1300 пәтер мен 1300 автотұрақты сата бастады. Соның 140-ы жаңа университетке бұйырған.
Университеттің баспасөз қызметі Азаттық рухы тілшісінің сұрағына жауап бермеді. Есесіне «Бәйтерек девелопмент» қажетті мәліметтермен бөлісті.
Белгілі болғандай, жекеменшік университет элиталық пәтердің бір шаршы метрін 399 900 теңгеден, ал бір автотұрақты 786 000 теңгеден сатып алған.
«Бәйтерек девелопмент» АҚ Astana IT University-ге «Экспо-2017» халықаралық көрме ауданында орналасқан «Expo Residence» тұрғын үй кешеніндегі пәтерлерді шаршы метрі 399 900 теңгегеден сатты. Барлығы 140 пәтер және осы көлемде автотұрақ сатылған. Бір автотұрақтың құны – 786 000 теңге», - деп хабарланған компанияның ресми жауабында.
Ал, Азаттық рухы тілшісінің қоңырауына жауап берген университет ректоры Қанат Темірғалиұлы болса, ол тұрғын үй кешені жатақхана үшін емес, оқытушылық құрам үшін алынғанын айтты.
«Ол («Expo Residence» тұрғын үй кешені – агенттік) жатақхана болмайды. Үйлерді оқытушылық құрам үшін сатып алдық және онда тек шетелдік оқытушылар ғана тұрады деген жалған мәлімет. Әзірге университеттің өз жатақханасы жоқ, бірақ салынады. Студенттер корпусқа жақын маңнан тұратын жер сұраған соң, әзірге осы үйлерді жалға бердік. Айына 20-25 мың теңге төлеп тұрып жатыр», - деді ректор.
«Неге осындай қымбат үй алынды?» деген сұрағымызға ректор «университетке жақын болған соң» деген аргумент келтірді.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 1 шілдедегі №753 қаулысына сәйкес, «Expo Residents» тұрғын үй кешенінің құрылысын «Бәйтерек Девелопмент» АҚ қаржыландырған. Сондықтан да, тұрғын үй «Бәйтеректің» балансында.
Фото: Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі
Үкіметтің №753 қаулысына сәйкес, ЭКСПО аумағындағы сауда орталықтар мен тұрғын үй кешендерін салдыру үшін «Бәйтерек» холдингіне Ұлттық қордан 40 млрд теңгеден аспайтын қаражат бөлінген. Салынған үйлер «Бәйтерек девелопмент» АҚ-на 370 000 теңгеге, бір автотұрақ 333 000 теңгеге берілген. Енді компания барлығы 96 000 шаршы метр тұрғын аумақтың бір шаршы метрін 399 900 теңгеден сатып отыр.
«Бәйтерек девелопмент» АҚ жылжымайтын мүлікті сату үшін аукцион өткізбейді. Дәл «Expo Residence» тұрғын үй кешеніндегі баға фиктивті. «Экспо-2017» көрмесінің аумағындағы жылжымайтын мүлік жеке және заңды тұлғаларға Digital Baiterek порталы арқылы ғана онлайн режимде сатылады. Мемлекеттік мекемелер мен ұйымдарға жылжымайтын мүлік кешенді түрде сатылады. Университетке 140 пәтер кешенді сатып алу шарты бойынша сатылды», - деп хабарлайды компания.
Кенжекей Тоқтамұратқызы, Нұр-Сұлтан