Ұшақ апатынан қаза тапқандардың отбасына 4 млн теңгеден беріледі – Премьер-министр
Бүгін Үкімет басшысы Асқар Маминнің төрағалығымен Bek Air әуе компаниясы ұшағының апатқа ұшырау себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссияның отырысы өтті

Премьер-министр ұшақ апатынан қаза тапқандардың жақындарына көңіл айтып, зардап шеккендердің тезірек сауығып кетуіне тілектестік білдірді. Сондай-ақ апаттан көз жұмған азаматтардың отбасына қаржылай көмек берілетінін айтты.
«Мемлекет басшысының тапсырмасымен апаттан қаза тапқандардың отбасыларына 4 миллион теңгеден бөлінеді. Апаттан зардап шеккендердің барлығына қажетті деңгейде қаржылай көмек көрсетіледі», - деді А. Мамин.
Үкімет басшысы А. Мамин Ішкі істер министрлігіне «Бек Эйр» авиакомпаниясының апатына байланысты толықтай сотқа дейінгі тергеуді жүргізуді және Денсаулық сақтау министрлігіне зардап шеккендерді тезірек сауықтыру үшін барлық шараларды қабылдауды тапсырды.
«Апат себептерін тергеу жөніндегі Үкіметтік комиссия 2020 жылдың 10 қаңтарына қарай өз жұмыстарының алдын ала қорытындыларын ұсынуы тиіс», - деді Үкімет басшысы.