Мүгедек балаларға арналған жәрдемақы мөлшері артады
Сенат жаңа заң қабылдады
Бүгін Сенат 7 жастан 18 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөлетін заңды қабылдады. Бұл туралы жоғарғы палатаның отырысында мәлім болды.
Сәйкесінше, олар алатын жәрдемақы да өседі. Салыстыру үшін, қазіргі уақытқа дейін барлық мүмкіндігі шектеулі балалар ең төменгі күнкөріс деңгейінің 1,4 мөлшерінде бірдей жәрдемақы алатын. Бұл - 48 023 теңге. Енді I және ІІ топтағы 7 жастан 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар тиісінше 64 860 теңге және 54 541 теңге алатын болады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда жәрдемақының жаңа түрі енгізіледі
Бұдан басқа, аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға әлеуметтік пакет ұсыну және әлеуметтік қызметтер порталы арқылы арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсетуге кепілдік беріледі.
«Қабылданған Заң мүмкіндігіі шектеулі азаматтардың, оның ішінде балалардың жағдайын жақсартуға, әлеуметтік теңсіздіктерді жоюға, қолданыстағы әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін одан әрі жетілдіруге арналған. Алдағы уақытта осы заң мүмкіндіктері шектеулі азаматтарымыздың және мүгедек балалары бар отбасылардың құқықтарын қамтамасыз етуге, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға оң әсерін тигізеді деп сенеміз», - деп атап өтті Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев.
Тұрғын үй қатынастары саласына да өзгерістер енгізілді. Енді мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасылар үшін және олар 18 жасқа толғаннан кейін тұрғын үй алуға кезектілік сақталатын болады.