Ақтөбеде коронавирус жұқтырған төрт жүкті келіншек көз жұмған
Үшеуінің сәбиі аман қалған

Ақтөбе облысында жыл басынан бері коронавирустан 571 адам көз жұмған. Оның ішінде 353 адам коронавирус инфекциясынан, қалғаны пневмониядан қайтыс болды. Бұл туралы Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Күштаева мәлім етті.
Айтуынша, облыс бойынша жыл басынан бері 4 жүкті әйел коронавирус инфекциясынан көз жұмған. Үшеуінің сәбиі аман қалған.
«Өкінішке қарай 26-38 жас аралығындағы төрт жүкті әйел көз жұмды. Олардың жүктілігі 34-36 апталық еді. Біреуі шетінен кетті. Жас аналардың созылмалы ауруы бар болған соң олардың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады. Олар семіздік, созылмалы холецистит, пиелонефрит ауруларына шалдыққан», - деді Айгүл Күштаева.
Аман-есен өмірге келген үш баланы қазір туған-туыстары тәрбиелеп жатыр екен.