$ 514.65  544.6  5.17
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
21.09.2021, 09:55
Жаңалықтар

Ауыратлеттің қазасы: марқұмның бауыры айыптаған Сергей Седов жауап берді

Альберт Линдердің туған бауыры Семен Линдер ағасының өз-өзіне қол жұмсауына кімдер әсер еткенін жазған

Ауыратлеттің қазасы: марқұмның бауыры айыптаған Сергей Седов жауап берді

17 қыркүйекте қайтыс болған қазақстандық ауыратлет Альберт Линдердің туған бауыры Семен Линдер ағасының өз-өзіне қол жұмсауына не түрткі болуы мүмкін екенін атады.

Семен Линдер марқұм ағасы екеуінің осыған дейін жеңіп алған бардық медальді жерге көміп, бауырының өмірмен қоштасуына кімдер әсер еткенін жазды.

«Бапкер деген атқа лайықты емес адам ағамның өмірден түңіліп жүргенінде бір-екі рет қана келіп, жаттығуын қайта бастауға үгіттеді. Дәрігерлерге апарудың орнына шіркеуге алып барды. Ұлттық құраманың аға бапкері проблеманы осылай шешпек болды. Оның мұндай болмашы амалдары ағама спортқа қайта оралуға сеп болмады. Ағамның ауыр атлетикаға қайта оралмайтынын түсінгеннен кейін ол да шәкіртін ұмытып кетті!

Бір айтарым, бапкер деген атқа лайықты емес адам спортта болмауы, балаларды жаттықтырмауы керек. Маған сеніңіздер, егер қарапайым адам бір апта онымен бірге жаттықса шыдамас еді», - деп жазды ол.

Әлеуметтік желіде жазылған айыптауға Альберт Линдердің бапкері Сергей Седов жауап берді. Айтуынша, Рио олимпиадасының алдында тапсырған соңғы допинг тестің нәтижесі Альбертті қатты күйзеліске түсіріп жіберген.

«Екеуіміз жиі әңгімелесетінбіз. «Спорттан кетіп жұмыс істегім келеді, Рио олимпиадасындағы жолды қайта жүріп өткім келмейді» дейтін. Оның бала кезден тағдыры қиын болды. Сырын менімен бөлісетін. Туыстарын мені айыптады деп кінәламаймын. Қайғыдан қара жамылып отыр. Бәрін түсінемін», - деп жауап берді марқұмның жеке бапкері.

Ауыр атлетика федерациясындағылар Ұлттық құраманың аға бапкеріне тағылып жатқан айыпқа қатысты қысқаша жауап берді.

«ҚР Ауыр атлетика федерациясы бұл істі бақылауға алуға және әрбір айыптау бойынша тексеріс жасауға ниетті. Жақын арада федерация әрбір атлетпен байланысып, ішкі тергеу жүргізеді. Оның қорытындысы туралы қосымша хабарланады», - делінген жауапта.

Осыдан төрт күн бұрын 25 жастағы қазақстандық ауыратлет Альберт Линдер қайтыс болды. Альберт Линдер ауыр атлетикадан жастар арасындағы Әлем чемпионы, Азия чемпионы, Универсиада жеңімпазы және рекордшысы. Бірнеше дүркін Қазақстан чемпионы болған Альберт Линдер кәсібилігімен, спортқа деген ынта-жігерімен басқаларға үлгі болған. 25 жастағы атлеттің қазасына байланысты Қылмыстық кодекстің 105 -бабы, яғни өз-өзіне қол салуға жеткізу бабымен іс қозғалған.

Серіктес жаңалықтары