Түркістан облысының шаруалары қуаңшылық зардабын тартып отыр
Шаруалар қыс түспей жатып қиындыққа тап болдық деп шағымданады
Түркістан облысының Сарыағаш ауданындағы ауыл халқы қуаңшылық зардабын тартып отыр, деп хабарлайды 24 Хабар.
Биыл шаруалар қорасындағы малын қайда апарып жаярын білмейді. Олар қысқа дайындаған азын-аулақ жем-шөпке ауыз салғанын айтады.
«Бала-шағамыздың бәрін ағарғанмен осы айран сүтімен, құрт-майымен бағатын едік. Биыл құрт-май түгілі, айран сүтін де бере алмадық. Қолға қарап отыр. Бұған дейін Әлімтау ауылдық округіндегі шаруалар төрт түлігін жыл 12 ай жайып, қысқа қамдануды білмейтін. Тек қар қалың түскенде ғана 1-2 күн қолдан шөп беретінбіз», - дейді ауыл тұрғыны Айнұр Бериева.
Биылғы қуаңшылық кесірінен жерде мал аузына ілінетін шөп болмаған соң ірі қара қыс түспей жатып, көтерем болған.
«Түркістан облыстық ауылшаруашылығы басқармасына 10 мың тонна жемге ұсыныс бердік. Оның 4100 тоннасы – кебек. Азық-түлік коорпорациясынан төмендетілген бағамен алуға 1350 тонна арпа, 3600 тонна бидайға ұсыныс бердік. Айтып өтейік, қуаңшылыққа тап болған Әлімтау ауылдық округінде 4 мыңнан астам ірі қара мен 7 мыңдай қой және 1200 бас жылқы бар. Соның барлығын қырып алмай қыстан шығару үшін шаруалар қолдау көрсетуді сұрайды», - дейді Сарыағаш аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Мадияр Тұрлыбеков.