Әкімдіктер ластаушы кәсіпорындардың қызметіне уақытша шектеу енгізе алады
Экологиялық кодекс аясында әкімдіктерге жаңа өкілеттіктер беріледі
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР ЭГТРМ Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің төрағасы Зулфухар Жолдасов елдегі экологиялық жағдайды жақсартуға мүмкіндік беретін жаңалықтармен бөлісті.
Оның айтуынша, ең тиімді құралдардың бірі – өнеркәсіпте ең озық қолжетімді технологияларды енгізу. Жаңа Экодекске сәйкес, ең озық қолжетімді технологияларға көшу 2025 жылдан бастап жоспарланып отыр. Осы тетіктің арқасында 10 жыл ішінде бүкіл ел бойынша шығарындыларды екі есе азайту жоспарлануда.
Жаңа Экологиялық кодексте жергілікті атқарушы органдардың қоршаған орта мәселелеріндегі өкілеттіктерін едәуір күшейту және кеңейту көзделген. Кодекс күшіне енгеннен кейін, әкімдіктер әрбір 5 жыл сайын қоршаған орта сапасының нысаналы көрсеткіштерін және оны жақсарту жөніндегі іс-шараларды бекітетін болады.
«Бұдан басқа, әкімдіктерге ауа сапасының нашарлауы кезінде көлік құралдарының кіруіне шектеулер енгізу құзыреті берілді, ал қолайсыз метеожағдайлар кезінде, мысалы, жел болмаған жағдайда, әкімдіктер ластаушы кәсіпорындардың қызметіне уақытша шектеулер енгізе алады. 2023 жылға дейін барлық ірі кәсіпорындар комитетке деректерді бере отырып, шығарындылар көздерінің автоматтандырылған онлайн мониторингін орнатуы тиіс. Негізгі көздерге АБЖ енгізу бізге эмиссия көрсеткіштерін онлайн режимде қадағалауға мүмкіндік береді», - деп хабарлады ведомство өкілі.