Маңғыстауда мемлекетке 767 млн теңге залал келтірген кәсіпкерлер сотталды
Кінәлілердің бәрі әртүрлі мерзімге сотталды
Қаржылық мониторинг агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша аумақтық департаменті материалдық сыйақы үшін жалған шот-фактураларды жазып берудің екі әрекеттің жолын кесті.
Бірінші жағдайда кәсіпкер Ә.Қосбармақов Жаңаөзен қаласында «Өзен-АҚЖОЛ» ЖШС және «Қосбармақов Әділет Аманкелдіұлы» ЖК атты екі компания құрды. Жүк тасымалы және қызмет көрсету бойынша негізгі қызметтің орнына екі кәсіпорын атынан 3,1 миллиард теңгеден астам сомаға 7 компанияға жалған бухгалтерлік құжаттарды жазып берген.
Осыған ұқсас дерек Ақтау қаласында да анықталды. Азаматтар И.Агатаев пен М. Әбілев «Бөрі Ақтау» ЖШС құрып, бір топ тұлғалармен алдын ала сөз байласу арқылы іс жүзінде жұмыстар орындамай және қызметтер көрсетпей, 1,5 миллиард теңгеден астам сомаға шот-фактуралар жазып берген.
Осы компаниялардың заңға қайшы әрекетінің нәтижесінде мемлекетке төленбеген салықтар түрінде 767 миллион теңгеден астам сомаға залал келтірілді.
Қаражатты қолма-қол ақшаға айналдырып, басқа фирмаларға ақшалай сыйақыға жалған құжаттар жасағандарға ҚР Қылмыстық кодексінің 216-бабы бойынша 7 жыл мерзімге бас бостандығынан айыруға дейінгі қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
Кінәлілердің бәрі әртүрлі мерзімге сотталды.