Елордадағы «Мектепке жол» акциясы: кімге қандай көмек көрсетіледі
«Мектепке жол» акциясы демеушілердің көмегімен жүзеге асырылуда

Бұрын елімізде әлеуметтік жағдайы төмен отбасының балалары киерге киім таппағандықтан, мектепке уақытылы бара алмай, қатарынан жиі қалып қоятын. Соңғы жылдары мемлекет аяққа тұрып, етек-жеңімізді жиғанымыз сол екен, тұрмысы төмен отбасылардың саны да азая бастады. Мұндай жанұядағы балаларды мемлекет қана емес, қайырымды жандар өз қамқорлығына алған.
Осындай жомарт азаматтар мен қоғамдық ұйымдар, түрлі мекемелер бірігіп, жыл сайын «Мектепке жол» акциясын өткізіп келеді. Ондағы мақсат – Қазақстандағы әрбір баланың сапалы білім алуына жағдай жасау, яғни киімін, кітап-дәптерін, мектепке қажетті өзге де керек-жарағын түгендеп беру. Осы акцияның аясында жыл сайын бүкіл елде мыңдаған отбасыға көмек көрсетіліп келеді. Қайырымдылық шарасын негізінен жергілікті билік өкілдері ұйымдастырады.
Елорда әкімдігі биыл да осы дәстүрден жаңылған жоқ. Қалаға қарасты төрт ауданның әкімдіктері «Мектепке жол» акциясының басталғанын жариялап, алғашқы көмек пакетін мұқтаж отбасыларға таратты.
Мәселен, Сарыарқа ауданында биыл 500 балаға көмек көрсетіледі.
«Жаңа оқу жылының басталуына санаулы күндер қалды. Осы орайда барша оқушыларды құттықтай отырып, білім мен ғылымға, жаңашылдыққа құштар болуға шақырамын. Оқушылардың білім алуы үшін мемлекет тарапынан жағдай жасалуда. Бүгін міне, Нұр-Сұлтан қаласы Сарыарқа ауданы әкімінің аппараты әлеуметтік осал топтағы отбасылардың балаларына қолдау көрсету үшін «Мектепке жол» акциясын бастады. Акция 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Жалпы саны 500 балаға оқу құралдары бар сөмке беріледі», - деді «Сарыарқа» ауданы әкімінің орынбасары Әлібек Ахимбеков.
Ал, Алматы ауданында «Мектепке жол» акциясы 16 тамызда басталған. Әкімдік қайырымды жандардың көмегімен 450 баланы мектепке дайындаймыз деп отыр. Ауданда барлығы 33 мектеп жұмыс істейді.
Есіл ауданында қайырымдылық шарасы қасиетті жұмада – 13 тамызда басталды. Бұл күні әкімдік пен прокуратура қызметкерлері №69 мектепке барып, көмекке мұқтаж балалардың ата-анасымен кездесті. Жалпы, аудан бойынша 350 балаға көмек көрсетіледі.
Байқоңыр ауданында «Мектепке жол» акциясына қатысуға 50-ден астам кәсіпкер ынта білдірді.
«Жыл сайын өтетін бұл игі іс-шараға аудандағы шағын және орта бизнес өкілдері өз мүмкіндігінше қолдау көрсетіп келеді. Аудан әкімінің аппараты биыл аталған қайырымдылық шарасы аясында 700 оқушыға көмек көрсетуді жоспарлап отыр. Мектеп сөмкесі оқушыға қажетті негізгі кеңсе тауарларымен толтырылған. Сонымен қатар, биыл керекті заттардың қатары медициналық бетпердемен толықты (маска)», - делінген хабарламада.
Мектеп сөмкелері бастауыш сыныптар мен үлкен сыныптар санатына бөлініп жасақталды.
Ата-аналар «Менің Атамекенім» порталында «Мектепке жол» платформасындағы сілтеме бойынша (www.atamekenim.kz) көмек алуға өтінім қалдыра алады. Бұл платформа көмекке мұқтаж адамдар мен қайырымдылық жасаушылар арасында тікелей байланысты қамтамасыз етеді. Өтінімді портал өңдейді, көмек кезек бойынша көрсетіледі.