ШұғылЕлімізде коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдеді

Қазақстан мен Беларусь арасындағы ауыл шаруашылығы тауарларының айналымы 23,5%-ға артты

ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Беларусь Республикасының Қазақстандағы елшісімен кездесті

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев Беларусь Республикасының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Павел Утюпинмен ауыл шаруашылығы саласындағы екіжақты ынтымақтастық мәселелерін талқылады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тараптар Қазақстан делегациясының Беларусь Республикасына мал шаруашылығы саласындағы Беларусь технологияларымен, тауарлы сүт фермаларына арналған жабдықтар өндірісімен танысу мақсатындағы жұмыс сапарын ұйымдастыруға келісті. Сондай-ақ, Орталық Азия мен Таяу Шығыста баламасы жоқ ветеринарлық вакциналар шығаратын бірегей зауыт құру жобасы талқыланып,  «Беларусь Ұлттық биотехнологиялық корпорациясы» ЖАҚ-ның қызметімен танысты.

Сондай-ақ, олар Қазақстанда Беларусь ауыл шаруашылығы көрмесі мен Аграрлық форумын өткізудің шарттары мен уақытын айқындады.

Екі ел арасындағы салаға қатысты Өзара іс-қимыл ауыл шаруашылығы мен азық-түлік  саласындағы ынтымақтастық туралы келісім шеңберінде жүзеге асырылады.

«Статистика органдарының деректері бойынша Қазақстан мен Беларусь арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдері мен ауыл шаруашылығы шикізатын қайта өңдеу өнімдерінің тауар айналымы 2021 жылдың қаңтар-маусым айларында 125,9 млн АҚШ долларын құрады. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 23,5%-ға артық (101,9 млн АҚШ доллары)», - делінген  Ауыл шаруашылығы министрлігінің баспасөз хабарламасында.