«Ана әлдиі» республикалық байқауының жүлдегерлері анықталды
Шараға ҚХА республикалық және өңірлік Аналар кеңесінің басшылары мен мүшелері қатысты
Нұр-Сұлтан қаласындағы Достық үйінде онлайн форматта Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің және «Қарашаңырақ» РҚБ ұйымдастыруымен, сондай-ақ, «Алтын қыран» халықаралық қайырымдылық қорының президенті И. Салжановтың демеушілігімен «Ана әлдиі» республикалық байқауының марапаттау рәсімі өтті.
Шараға ҚХА республикалық және өңірлік Аналар кеңесінің басшылары мен мүшелері қатысты.
«Байқаудың мақсаты – бесік жыры арқылы ұлттық тәрбие негіздерін, мәдени құндылықтарымызды насихаттау, ұлттық мұраларымыздың озық салт-дәстүрлерін дәріптеу, жас ақындар мен сазгерлердің ұлттық нақыштағы шығармашылық ортасын қалыптастыруға ықпал ету», - делінген Қазақстан халқы Ассамблеясының баспасөз хабарламасында.
«Қарашаңырақ» РҚБ жетекшісі Б. Ахатайдың айтуынша, байқауға бейнеролик түрінде материалдар ұсынылған. Бағалау критерийлері бойынша бейнероликтің тәрбиелік, дамытушылық мәніне, орындалу шеберлегіне, эмоционалдық қабылдануына және мәтіннің мағыналы болуына аса назар қойылған. Байқау өткізу арқылы қазақтың көне бесік жыры әндерін, қазіргі нақышқа сай әуездеп мән-мәтінін мағыналы және жеңіл етіп, жаңа форматта халыққа жеткізуге барынша атсалысқан.
Естеріңізге сала кетейік бұған дейін «Ана әлдиі» республикалық байқауына қатысушылардың материалдары өңірлерде іріктеліп республикалық байқауға жіберілген болатын. Аймақтардағы байқау жұмыстарын бағалау және жеңімпаздарды анықтау үшін педагог, ақын және сазгерден жасақталған қазылар алқасы құрылып, байқау шарттарына сай қорытындысын шығарды.
Қорытынды бойынша І-орын Ақтөбе облысынан Ойыл аудандық мәдениет үйінің «Ойыл ауданы келіндері» , ІІ-орын Қарағанды облысынан Башай Меруеш Башайқызы және Қызылорда облысынан Бақыткүл Болысбекқызы, ІІІ-орын Шығыс Қазақстан облысынан Мәриям Мүбаракқызы Мұрсалинова және Павлодар облысынан Марина Вагина марапатталды. Сонымен қатар «Әнді орындау шеберлігі үшін» арнайы номинациясымен Света Жаңабайқызы, «Қойылымның тәрбиелік мәні үшін» - Ляйля Байқожаева және Салтанат Исабай, «Мазмұнды мәтін үшін» - Ақмарал Әлібекқызы Биназарова марапатталды. Байқауға қатысқан барлық қатысушыларға сертификаттар берілді.