Жарты милллионан астам ұстазға қатысты Заң Президенттің қарауына кетті
Негізгі заңның бірінші бағытында мұғалімдерді артық жұмысқа тартуға, негізсіз тексеру жүргізуге тыйым салу арқылы жүктемені азайту бойынша жеке нормалар көзделген
Бүгін Парламент сенаты «Педагог мәртебесі туралы» негізгі заң жобасы мен оған ілеспе құжат – «ҚР кейбір заңнамалық актілеріне педагог мәртебесі, оқушы мен мұғалімге жүктемені төмендету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтыруларды енгізу туралы» заң жобасын қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Екі құжат Президенттің қол қоюына кетті.
«Педагог мәртебесі туралы» заң жобасы 21 баптан тұрады және жарты миллионнан астам ұстаздың жұмысына қатысты. Жалпы, заң жобасы төрт бағытты қамтиды. Біріншіден, ұстаздардың құқықтарын кеңейту және өзіне тән емес жұмыстардан босату, олардың жүктемесін азайту. Екіншіден, мұғалімнің қызметіне қойылатын талаптарды күшейту. Үшіншіден, материалдық емес ынталандыру тетіктері, сондай-ақ төртіншіден, материалды ынталандыру қадамдары», - деді заң жобаларын таныстырған ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов.
Негізгі заңның бірінші бағытында мұғалімдерді артық жұмысқа, өзінің қызметіне кірмейтін жұмысқа тартуға, шамадан тыс есеп беруге, қағазбастылыққа, негізсіз тексеру жүргізуге тыйым салу арқылы жүктемені азайту бойынша жеке нормалар көзделген.
«Педагог мәртебесін арттыру оның қызметіне қойылатын талаптарды күшейтуді қажет етеді. Осы орайда заң жобасына сәйкес, педагогикалық жұмысқа жіберілмейтін себептер де кеңейтілді. Бұдан бөлек, мұғалімдердің этика мәселелеріне де көңіл аударылып отыр. Әр білім мекемесінде әдеп бойынша кеңестер институты енгізіліп, жұмыс істейді», - деді министр.
Заң жобасы арқылы сондай-ақ мұғалімдердің балаларына балабақшаға бірінші кезекте орын беріліп, барлық педагог қызметкерлер алдағы уақытта 56 күндік демалысқа шығады. Ал, ауылда жұмыс істейтін ұстаздарға жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алу үшін басымдық берілелі және білім беру ұйымдарынла жұмыс істейтін ер азаматтарды әскери қызметке шақыруды кейінге қалдыру нормасы да қарастырылған. Бұрын бұл норма тек ауылдың ер мұғалімдеріне қатысты болса, енді қолдану аясы кеңейді.
«Мемлекет басшысының Тамыз конференциясында берген тапсырмасының аясында төрт жыл ішінде мұғалімдердің еңбекақысы екі есе артады. Бұл тұрғыдан алдағы қаңтар айынан бастап педагогтардың жалақысы 25 пайызға өседі. Депутаттардың қолдауымен осы бекітілген бюджетте тиісті қаражат қарастырылған. Біз осы жұмысқа қаңтардан бастап кірісуге дайынбыз», - деді Асхат Аймағамбетов.
Сенат негізгі заңды бірден қабылдап, ілеспе заңды бүгін екі оқылымда қатар қарады. Бұл заңдардағы өзгерістерді жүзеге асыру үшін бюджеттен үш жылға 5,3 трлн теңге қарастырылған.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан