Сенат Есеп комитеті мүшесінің өкілеттігін тоқтатты
Талғат Жақан басқа қызметке ауысуына байланысты отставкаға кеткен
Сенаттың жалпы отырысында жоғары палатаның Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі Талғат Жақанның өкілеттігін тоқтатылды.
Сенаттың Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Ольга Перепечинаның айтуынша, Талғат Амангелдіұлы Жақанның басқа жұмысқа ауысуы туралы өзі берген өтінішіне байланысты өкілеттігін тоқтату және лауазымынан босату туралы ұсынысы қаралған.
Талқылау барысында палата депутаттары аталған ұсынымға қолдау білдірді.
«Есеп комитетіндегі қызметі кезінде ол өзін жауапты әрі білікті басшы ретінде көрсетті. Оның жетекшілігімен ұлттық холдингтер мен компаниялардың, Ұлттық қордың тиімділігінің аудиті жүргізілді. 31 тамызда Талған Амангелдіұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты қызметінен босату туралы Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаевтың атына өтінім берді», - деді О. Перепечина.
Талғат Жақан Сенат қаулысымен Есеп комитетінің мүшесі болып 2016 жылы 16 қыркүйекте тағайындалды.