Нұр-Сұлтанда Жақсылық Үшкемпіровке ескерткіш қойылды

Ескерткіш Ж.Үшкемпіров атындағы Jekpe-Jek сарайының алдына орнатылды

Фото: sputnik.kz

Бүгін елордада Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында Нұр-Сұлтан қаласында даңқты палуан, әлем, Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіровке ескерткіш қойылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ескерткіш Ж.Үшкемпіров атындағы Jekpe-Jek сарайының алдына орнатылды. Ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Асхат Оралов, Жақсылық Үшкемпіровтің отбасы мен жақындары, қоғам қайраткерлері, спортшылар қала тұрғындары қатысты.

Жақсылық Үшкемпіров ескерткішінің мүсіні қоладан, тұғыры граниттен жасалған. Биіктігі – 7,5 метр. Авторы – Ербол Зиябеков.

Бүгінде Нұр-Сұлтанда қала тұрғындары үшін тартымды орындарға айналатын жаңа қоғамдық кеңістікті жайластыру жұмысы белсенді жүргізілуде. Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай биыл елордада мәдениет пен жалпы елдің дамуына үлкен үлес қосқан белгілі қазақ қайраткерлеріне арналған ескерткіш топтамасы ашылды. Бұған дейін қалада алашордашыларға, Дина Нұрпейісова, Талғат Бигелдинов, Қаныш Сәтпаев, Жұмабек Ташенев сынды тұлғаларға ескерткіштер қойылған болатын. Сондай-ақ, Нұр-Сұлтанда күн сайын адам өмірін құтқаратын өрт сөндірушілер мен медицина қызметкерлерінің құрметіне монументтер орнатылды. Бұл жұмыс жастарға рухани, патриоттық және мәдени құндылықтарды насихаттау мақсатында жүргізіледі.

Айта кету керек, қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайға байланысты ескерткіштің ашылуы маска режимі, әлеуметтік қашықтық секілді санитарлық талаптарды сақтай отырып өтті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.