Арыста инкассаторларды өлтірген қылмыскерге үкім шықты
Қаза тапқан инкассаторлардың әріптесі Нұрбек Жүсіпов адам өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды
Түркістан облысында Арыста инкассаторларды өлтірген 38 жастағы қылмыскерге үкім шықты, - деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Сот шешімі бойынша, қаза тапқан инкассаторлардың әріптесі Нұрбек Жүсіпов адам өлтіргені үшін 24 жылға бас бостандығынан айырылды, ол жазасын қауіпсіздігі күшейтілген колонияда өтейді. Бұл іс бойынша Жүсіповтің танысы Қасымжан Тоғай да жазаланды, оның үйінен қару мен инкассаторлардың ақшасы табылған. Оған төрт жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Аймақтық полиция департаментінде қылмыстың кей деректерін айтып берді. Тергеу нәтижесі бойынша, Нұрбек Жүсіпов еңбек демалысында болған және инкассатор әріптестерінен аң аулау үшін жергілікті алаңға дейін апарып тастауды сұраған.
«Ол әріптестерін алаңда атып өлтіріп, сол жақта денелерін тастап кеткен. Кейін он шақырым жүріп, көлігін де қалдырған. Танысының үйіне жаяу барып, сонда ақша салынған қап пен қаруды тастаған. Жолда өлгендердің гильзалары мен телефондарын лақтырып кеткен. 7,5 миллион теңгенің бір миллионын жұмсап үлгерген», - дейді Түркістан облысы ПД баспасөз қызметіндегілер.
Қылмыскер екінші күні табылған. Полицейлердің айтуынша, ұялы телефон операторының бас кеңсесіне сұратым жіберуге уақыт кеткен. Сол арқылы күдіктінің қайда жүргенін тауып алған. Нұрбек Жүсіпов тергеуде бұл қылмысқа қаржылық қиындықтарға байланысты барғанын айтқан.
Еске салайық, 7 маусымда екі инкассатор Қожатоғай ауылына кетіп, содан байланыссыз қалған. Қызметтік көлікте 7,5 миллионнан аса теңге болған. Олар зейнетақы мен жәрдемақыны беруге арналған. Инкассаторларды іздеуге полицияның барлық күші жұмылған. Олардың денелері Арыстан 35 шақырым жерден табылған болатын.