Семей ядролық полигонының жабылғанына 30 жыл толды
Бүгін – Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні

Қазақ даласына ең үлкен қасірет алып келген Семей ядролық полигонының жабылғанына биыл 30 жыл толды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
40 жыл ішінде Семей ядролық полигонындағы сынақтардың жалпы саны 456 ядролық және термоядролық жарылысты құрады. Олардың 116-сы ашық болды, яғни жер бетіндегі немесе әуе кеңістігінде жасалды. Семей полигонында әуеде және жер бетінде сынақтан өткізілген ядролық зарядтардың жалпы қуаты 1945 жылы Хиросимаға тасталған атом бомбасының қуатынан 2,5 мың есе көп болды.
Осы уақытқа дейін бүкіл әлемде жасалған барлық сынақтардың 24 пайызы Қазақстан аумағында болды. КСРО ыдыраған тұста Қазақстан территориясында, нақтырақ айтқанда Семей, Сарыөзек және Байқоңырда әр қайсысында 10 оқтұмсық қондырылған 108 зымыран тұрақты кезекшілікте тұрды. Ал ядролық заряды бар оқтұмсықтардың жалпы саны 1 400 дана еді.
1991 жылы 29 тамызда ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылды. Есте болса, 2009 жылы Қазақстан БҰҰ Бас ассамблеясының Бірінші комитетіне 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынған болатын.
Ал 2010 жылы БҰҰ 29 тамызды ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялаған еді.
Әзірге Қазақстан әлемде ядролық сынақ қаруынан өз еркімен бас тартқан жалғыз мемлекет болып отыр.