Қасым-Жомарт Тоқаев жарылыс аумағына жақын орналасқан елдімекен тұрғындарын сақ болуға шақырды
ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Жамбыл облысындағы әскери қоймадан шыққан өрт салдарын жою жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдей келе, Тараз қаласы мен жарылыс аумағына жақын орналасқан елдімекен тұрғындарын сақ болуға шақырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Мемлекет басшысы өзініңTwitter-парақшасында жазды.
«Өрт салдарын жою жұмыстары жалғасып жатыр. Құтқарушылар, әскери қызметшілер,дәрігерлер және жұмылдырылған барлық адамдар белсенді жұмыс жасауда. Өкінішке қарай, зардап шеккендер саны артып келеді. Бірақ, жағдай бақылауда. Тараз қаласы мен ауыл тұрғындары сабырлы әрі сақ болуы керек», - деп жазды Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске салсақ, 26 тамыз күні кешкі сағат 19.00 шамасында Жамбыл облысы Байзақ ауданында орналасқан әскери бөлімнен алапат өрт шығып, соңы жойқын жарылысқа ұласты. Жарылыс салдарынан 60-тан астам адам зардап шекті. ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев әскери қоймадағы жарылысқа байланысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.