Нұр-Сұлтан қаласының халқы 2030 жылға қарай 2 миллионға жетеді – қала әкімі
Қазір елордалықтардың саны 1,2 миллионға жетіп отыр
Нұр-Сұлтан қаласының халқы 2030 жылға қарай 2 миллионға жетеді. Бұл туралы қала әкімі Алтай Көлгінов Нұр-Сұлтан қалалық мәслихатының кезектен тыс сессиясында айтты, деп хабарлады Елорда Инфо.
«Барлығымыздың алдымызда тұрған бірнеше мәселеге назар аудартқым келеді. Әрине, бірінші кезекте ол – «Nur Otan» париясының жол картасы. Ол тұрғындарымыздың нақты проблемаларын шешуге бағытталған. Оны біз сайлауда жария етіп, бекіткен едік», – деді Алтай Көлгінов.
Қала әкімі елорданың қарқынды дамып, халық саны да тұрақты артып келе жатқандығын атап өтті.
«Осыдан 10 жыл бұрын тұрғын саны 600 мың адамнан сәл ғана асатын. Қазір 1,2 миллион адамға жетіп отыр. Болжамға сәйкес, 2030 жылға қарай қала тұрғындарының саны 2 миллион адамға жетеді. Яғни, урбанизация процесіне тосқауыл қоя алмаймыз. Бұл – әлемдік тренд және қаламыз да оны бастан кешіріп жатыр. Ал халық санының артуы әлеуметтік инфрақұрылымға, жолдарға, инжерелік желілерге, тұрғын үйге, мектептер мен балабақшаларға, бизнес нысандарына, жұмыс орындарына жүктемені ұлғайтатындығы анық», – деді Алтай Көлгінов.