2022 жылы өңірлерге республикалық бюджеттен 4,5 трлн теңге бөлінеді – Қаржы министрі
Қаржы министрі «2022 - 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын баяндады

2022 жылы түсімдер ағымдағы жылдың жоспарымен салыстырғанда 431 млрд теңгеге ұлғайып, 13 трлн теңге дейін жетеді. Бұл туралы Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев «2022 - 2024 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» заң жобасын баяндау барысында айтты.
«Мұнайлы емес түсімдердің үлесі биыл 56,4%-дан 2024 жылы 71,4%-ға дейін өседі. Республикалық бюджеттің кірістері 2022 жылы 9,2 трлн теңгені, 2023 жылы – 9,7 трлн теңгені, 2024 жылы – 10,4 трлн теңгені құрайды. Бюджет тапшылығы 2022 жылы жалпы ішкі өнімнің 3,3%-нан кезең-кезеңмен 2024 жылы жалпы ішкі өнімнің 2,5%-на дейін төмендейді», - деді министр.
Бюджеттің ағымдағы шығыстары келесі жылы 14,9 трлн теңге деңгейінде болмақ. Ал даму бюджетінің көлемі 2022 жылы 1 трлн теңге сомасында жоспарланып отыр.
«Бюджеттің әлеуметтік бағыты сақталды. Шығыстар құрылымындағы әлеуметтік саланың үлесі 50%-ды құрайды. Осылайша, 2022 жылы әлеуметтік салаға 2021 жылдың бюджетіне қарағанда 515 млрд теңгеге өсе отырып, 8 трлн теңге көлемінде жоспарланды. Экономиканың нақты секторын дамытуды қолдауға 2022 жылға 2 трлн теңге көзделді», - деп нақтылады Жамаубаев.
Министрдің сөзіне сенсек, 2022 жылы өңірлерге республикалық бюджет қаражаты есебінен 4,5 трлн теңге бөлінеді, бұл жалпы бюджет шығыстарының 28,3%-ін құрайды.
Әсел Оршыбекова, Нұр-Сұлтан