Алматыда жалған вакцина паспортын сатып жүрген емхана меңгерушісі ұсталды
Меңгерушінің қол астындағы қызметкерлері мен делдалдары да қолға түсті
Алматы қаласында жалған вакцинация паспортын жасаумен айналысқан емхана меңгерушісі, оның қоластындағы қызметкерлері және делдалдары ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл туралы Алматы қаласы сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет баспасөз қызметі хабарлады.
«Олар бүкіләлемдік пандемия кезінде, сондай-ақ қалада COVID-19 вирусының таралуын шектеу мақсатында енгізілген карантин кезінде Алматы қаласының аумағында ақшалай сыйақыға 100-ден астам жалған вакцинация паспорттарын жасады және сатты деген күдікке ілінді. Яғни олар ҚР ДСМ Вакцинация электрондық модулінде вакцина алу туралы жалған белгілер қойған. Соның негізінде еGov.kz электрондық үкімет порталында коронавирусқа қарсы жалған вакцинацияның электрондық паспорттары жасалған, - делінген ведомство хабарламасында.
Қазіргі уақытта аталған дерекке қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Күдіктілерге қатысты соңғы шешімді сот шығарады.