ШұғылҚазақстанда коронавирустан жазылғандар саны 152 мыңнан асты

«9 млрд теңге бөліп, 10 млрд доллар аламыз»: Қаржы министрі Дубайдағы EXPO туралы

Премьер-министрдің бірінші орынбасары, Қаржы министрі Әлихан Смайылов Дубайдағы EXPO-2020 көрмесіне бөлінген 9 млрд теңгенің қайтарымы қалай болатынын айтты.

Естеріңізге сала кетейік, кеше сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Дубайдағы EXPO-2020 көрмесіндегі Қазақстан павильонын орнатуға бюджеттен 9 млрд теңге немесе 22 млн доллар шамасында қаражат бөлінгенін айтқан болатын.

«Біз 10 млрд доллар инвестиция ағынын тартқымыз келеді. Сондықтан, біз Дубайдағы EXPO көрмесіне қатысуымыз керек. Көрме 2020 жылдың 20 қазаны мен 2021 жылдың 10 сәуірі аралығында өтеді. Яғни, жарты жыл бойы әлемнің бүкіл инвесторлары сол көрмеге барады», - деді бүгін Үкімет отырысынан соң журналистердің сұрағына жауап берген Смайылов.

Сондықтан және Қазақстанның ұлттық павильонының мүмкіндіктерін толық көрсету үшін бюджеттен 8,8 млрд теңге немесе 22 млн доллар бөлінді, деді соманы нақтылаған Қаржы министрі.

«Егер Қазақстан павильоны қосымша шетелдік инвестиция тарта алса, бөлінген қаражат жаңа өндіріс, жаңа жұмыс орындары мен салықтар арқасында еселеп қайтады. Көрмеге қатысу маңызды, сондықтан да осы ақша бөлінді», - деді Смайылов.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан