ШұғылӨткен тәулікте Қазақстанда 835 адамнан COVID-19 вирусы анықталды

Қазақстан полигондарында 120 млн тонна қоқыс жатыр

Қазақстандағы 3,5 мың полигонда 120 млн тоннадан астам тұрмыстық қатты қалдықтар жатыр. Ал, жыл сайын олар  5 млн тоннадан астам қалдыққа толып отырады.

Бұл туралы бүгін Үкіметте Экологиялық кодексті таныстырған Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев мәлімет етті.

 Кодексті таныстырмай тұрып, Қазақстанның экологиялық проблемаларына тоқталған министр қоршаған ортаға жүргізілген талдау атмосфералық ауаның сапасында, сондай-ақ, жер үсті суларының ластануы мен кәріздердің тозуы, тұрмыстық қалдықтар полигондарының болмауы немесе нашар жағдайына қатысты өзекті проблемалар бар екенін көрсетті дейді.

Сондай-ақ, министр 2019 жылдан бастап пластмассаны, картон мен қағаз қалдықтарын, шыныны көмуге тыйым салынғанын хабарлап отыр. Осы және өзге де экологиялық проблемаларды шешу үшін Қазақстан жаңа экологиялық кодекс бекітпек. Оның жобасын бүгін Үкімет қабылдап, парламентке жіберді.

«Кодексті әзірлеу кезеңінде, оны өңірлерде жұртшылықпен және бизнес-қауымдастықпен кеңінен талқылау жүргізілді. Осы талқылау барысында жұртшылықтан 2 мыңнан астам ұсыныс түсті. Соның біразы Кодекске енді», - деген министр Экологиялық кодекс негізгі 7 прицинптен құралғанын айтты.

Ол принциптердің арасында «Ластаушы төлейді және түзетеді»; «Қоршаған ортаға әсерді бағалаудың жаңа тәсілдері», «Бюджетке эмиссия үшін түсетін төлемдер экологиялық шараларға бағыттау» сияқты принциптер бар.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан