ШұғылЕлімізде коронавирустың таралу қарқыны бәсеңдеді

Қазақстандағы ауған азаматтары туыстарын көшіріп әкелу үшін биліктен көмек сұрады

Олар туған-туыстарының Қазақстанға көшіп келгенін армандайды

Қазақстандағы ауған азаматтары қиын жағдайда қалған туыстарына алаңдайды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Алматыда дәрігер мамандығы бойынша біліп алып жатқан 28 жастағы Саид Сабер Димрал жақындары үшін қатты алаңдайды. Оның ет жақындары  Ауғанстанда қалған. Студенттің айтуынша, ондағы жағдай өте ауыр. Тіпті, далаға шығу мүмкін болмай тұр дейді.

«Менің отбасым, ата-анам, қарындасым мен інім Ауғанстанда тұрып жатыр. Жанұяма үлкен қауіп-қатер төніп тұр. Ауғанстандағы жағдай қорқынышты. Билікке шабуыл жасалған соң, тіпті қиындап кетті. Байланысу да оңайға соқпай тұр», - дейді Қазақстанда оқитын ауған студенті Саид Сабер Димрал.

Саидтің айтуынша, әкесі тәліптерден Кайсар қаласына қашып кеткен. Ал 60-жастағы анасы мен бауырлары 4 қабырғаға қамалып отыр. Тәліптер 18-ге толған бойжеткендерді  тұрмыс құруға мәжбүрлеп, мектеп, саябақ, мекеме ғимараттарын өртеп, жұрттың мал-мүлігін жойып жатыр дейді. Шымкенттік Абдусаттар Мұхаммедалин де ауған жерінде қалған бауырларын уайымдайды.

Айтуынша, он күн бұрын бір ағасының қос ұлы тәліптер қолынан қаза тапқан. Өйткені шаһар көшелерінде тәліптер тым көп.  

«Тәліптер келіп, бізді шығармай жатыр. Жағдайымыз қиын. Бәрі түсініксіз. Нанға да, ауруханаға да ешқайда бара алмай жатырмыз», - дейді Ғаппар Мұхаммедалин.

«Күнде хабарласады, жағдайымыз жаман болып тұр дейді. Біз не істей аламыз, қолымыздан не келеді?  Біз де білмей тұрмыз. Бес ағам бар менің ол жақта. 8 апам бар, басқа да туғандарымыз, балалары бары сол жақта. Соларды Қазақстанға әкелсе екен, соны өтініп сұраймыз», - дейді Шымкент қаласының тұрғыны Абдусаттар Мұхаммедалин.