ШұғылКоронавирусты жұқтыру қарқынында өсім байқалды

Алматыда 3 мыңға жуық бала коронавируспен ауырып жатыр

Қалада өткен аптада КВИ жұқтырған 1 айлық сәби қайтыс болды

Фото: ашық дереккөзден

Бүгінде Алматы қаласының жұқпалы аурулар ауруханаларында 5 963 адам жатыр, оның ішінде 195 бала бар. Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде мегаполистің Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Нариман Табынбаев Алматыдағы эпидемиологиялық ахуал туралы айтты.

Спикердің айтуынша, 15 тамызда қалада коронавирустық инфекцияның 1 517 жағдайы (жергілікті) тіркелді, оның ішінде 1 429 жағдай симптомды және 88-і симптомсыз. 944 адам емделіп шықты. Бүгінде қолданыстағы инфекциялық төсек-орындар 63%-ды құрайды.

«АМСК және Телемедицина орталығының мобильді топтары 13 221 пациентті үйде бақылауда, олардың жеңіл және орташа ауыр дәрежедегісі - 12 685, симптомсыз - 535 адам», - деді Н. Табынбаев.

Ол сондай-ақ осы жылдың 16 тамызындағы жағдай бойынша 817 196 адамға бірінші компонентпен, ал 643 514 алматылыққа екінші компонентпен вакцина салынғанын айтты. Өткен тәулікте бірінші компонентпен 5 396 адам, екінші компонентпен 5 273 адам егілген.

Спикер КВИ-мен ауыратын балалар саны арта түскенін айтты. Қазір 195 бала ауруханада жатыр, 2 540-ы үй жағдайында емделуде.

«Үшінші толқын өршіп тұрған кезде Алматы ауруханалардағы балалар саны 30-40-тан аспайтын. штамның қазіргі түрімен балалар жиі ауыруда. Өткен аптада балалардың арасында жұқтыру тіпті өршіп кетті. Стационарларда 245 науқас бала болды. Өкінішке орай, қайғылы жағдай да орын алды, 1 айлық нәресте қайтыс болды. Коронавирустың жаңа штаммы өте қауіпті әрі жұқпалы, балалар оны тез жұқтырады», - деді Алматы ҚДБ басшысы.

Нариман Табынбаев Алматыға жеткізілген Vero Cell вакцинасы туралы да айтты.

«Бұл препаратты қытайлық Sinopharm компаниясы шығарған. Ол көптеген вакциналар сияқты инактивті. Көрсеткіштер, қарсы көрсеткіштер бірдей. Вакцинаның тиімділігі 72% деңгейде анықталады. Ол екі дозалы, екінші компонент біріншісінен 21 күн өткен соң салынады. Елеулі өзгерістер тіркелмеген. Ауырсыну, әлсіздік, ұйқышылдық болуы мүмкін. Vero Cell вакцинасының кері әсері жоқ және пайдалы. Алматыда үлкен сұранысқа ие . Өткен тәулікте осы вакцинамен  270 адам егілді, қаланың СОСО бұл препаратқа сұраныс жоғары», - деді Н. Табынбаев.